Қаратай Тұрысов – өмірін туған елінің өсу, өркендеу, одан тәуелсіз ел ретінде қалыптасу, іргесін бекіту жолында сарп еткен жан.
Қаратай Тұрысов 1934 жылы 2 ақпанда Жамбыл облысының бір түкпіріндегі Талас өзенінің бойындағы қырғыздармен шекаралас Жас өркен ауылында дүниеге келген.
Тараздағы Жамбыл атындағы қазақ орта мектеп-интернатын 1950 жылы бітірген бір топ бала, ішінде Қаратай Тұрысовтан басқа Шерхан Мұртаза мен Шота Уәлиханов бар, жері суық, алыс әрі жат Мәскеуіңнің төрінен бір-ақ шығып, оқуға түседі.
Ол кездің қиыншылығы түгіл бертін, жаймашуақ жылдар болғанда да бұлай топталып барып, Мәскеудің оқуына түсу деген сирек оқиға болатын. Ал қайсар ұрпақ соғыстан кейінгі қиыншылықтарды, жоқшылықты көзге ілмей, бұрын ауылдан шығып көрмесе де Мәскеу төрінен бір-ақ шығады.
Сол жылдары Қазақстанның басқа түкпірлерінен «Мәскеуді бағындырғандар» арасында қазақтың белгілі ақыны Кәкімбек Салықов Түсті металл және алтын институтынан бір-ақ шығыпты. Ал, Қаратай Тұрысов Серго Орджоникидзе атындағы геологиялық-барлау институтына түседі.
Осы институт қабырғасында Қаратай Тұрысовтың болашақ өміріне көзқарасы бекем қалыптасты. Ол өз мамандығын сүйіп қана қойған жоқ, осы саланың білікті мамандарының бірі болды.
Өзін оқытқан Алексей Богданов, Петр Захаров, Михаил Муратов сынды профессор-ұстаздарын ол өмір бойы ұмытпай, есімдерін ілтипатпен еске алып жүрді. «Соғыстан кейінгі ұрпақтың геологияға бет алуы – әлемдік масштабтағы академик Қаныш Сәтбаевтың Қазақстандағы жерасты қазба байлықтарын дүниежүзілік аренаға шығарған еңбегіне тікелей байланысты», дейді Қаратай Тұрысов бір сұхбатында.
Әрқашанда тура сөйлейтін, ойын ашық та бүкпесіз айта білетін Қаракең: «Геолог болу – қияметтің қияметі. Дүниеде 3 мың түрлі минералдар бар. Әрбір тастың құрамындағы минералдарды «оқып» зерттеп, жер қойнында қандай кен жасырынып жатқанын дәл білу керек… Арқаңда дорбаң… қолыңда балға-қайлаң… дорбаң толы тас. Қу даланы кезіп бара жатқан геолог осындай күн кешеді. Күні бойы тастармен сөйлеседі. Қазір де тау жоталарын, тау мен тасты көрсем болды, солай қарай бұрылып кеткім келеді», дейді.
Қаратай Тұрысов Орталық Қазақстанның кенді аймақтарының геологиялық картасын жасау ісіне сегіз жыл бойы үлес қосты. Көктасжал кен орнын алғашқы ашушылардың бірі болды. Одан Қаражол, Қарағайлы, Жәйрем, Бетпақдаланың тау-тасын кезіп, жаңа кен орындарын іздеді.
Осы еңбегі ескеріліп, «Қазақстанның құрметті кен барлаушысы» атағын алады. Геофизикалық экспедицияның партия бастығы болған ол осы жылдары басқару жұмысына икемді, халықпен тіл табыса алатын қабілеті де зор екенін көрсетті.
Кейін Қаратай Тұрысов бірнеше лауазымды қызметтерде болды. 1984-1986 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы, 1986-1991 жылдар аралығында Бүкілодақтық Кәсіподақтары Орталық Комитетінің хатшысы, 1991 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, ҚР Туризм, дене шынықтыру және спорт министрі, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды.
КСРО Жоғарғы Кеңесіне екі дүркін депутат болып сайланған. Өмірінің соңғы жылдарында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болған Қаратай Тұрысов заң шығару ісінде де өз қолтаңбасын қалдырды.
Елге сіңірген еселі еңбегі үшін оннан астам медальдармен, екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және «Барыс» орденімен марапатталған.