Жанқалдыбек Төленбаевтың арманы басқа бозбалалардың арманына мүлде ұқсамаған. Алға қойған мақсаты – әртіс болу.
«Театр сахнасындағы алғашқы рөлім – «Қозы Көрпеш – Баян Сұлудағы» Жантық рөлі. Сахнада әйел де, жас жігіт те, қария да болдым. Солардың ішінде өнер жолындағы бағымды жандырғаны – Мұқағали бейнесі», - дейді актер.
Бүгін 12.25-те «Сыр-сұхбаттан» актердің әңгімесін тыңдаңыз.
Біздің анықтама:
Жанқалдыбек Төленбаев – 1973 жылы 3 маусымда Семей облысы, Ақсуат ауданында дүниеге келген. 1980-1990 жылдары Ақсуат орта мектебін бітірді. 1990-1991 жылдары Аудандық Мәдениет үйінде киномеханик қызметін атқарды.
1991-1993 жылдары Кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеді. 1995-1999 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық театр және кино институты «музыкалық комедия актері» бөлімін профессор, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Р.Машурованың сыныбын тәмамдап шықты.
1999 жылдан Халық қаһарманы - Ә.Мәмбетовтің шақыруымен Астана қаласының Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрында актер.
2001 жылы Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. 2002 жылы «Тазша бала» конкурсының Гран-при иегері. 2004 жылы Қазақстан Театр қайраткерлері одағының «Құрмет» грамотасын иеленді. 2007 жылы Мәдениет және ақпарат министірлігінің «Құрмет» грамотасын иеленді.
2004 жылдан «Астана думан» әзіл-ысқақ театрының және 2006 жылдан Президенттік мәдени орталығындағы Ұлттық дәстүрлі театрда қосымша қызмет атқарады.
Сомдаған рөлдері: М.Әуезов «Қарагөз» - Дулат, «Абай» - Жиренше, «Айман – Шолпан» - Маман, Ш.Айтматов «Ғасырдан да ұзақ күн» - Сәбитжан, «Ақ кеме» - Коммерсант, С.Тұрғынбекұлы «Мұқағали» - Мұқағали, Дж.Патрик «Қымбатты Памела» - Сол Бозо, Б.Ұзақов «Жандауа» - спортшы, Э.Хушвақтов «Қызыл алма» - МММ, Е.Жуасбек «Үйлену» - Терек, «Терең тамырлар» - «Қара ағаш», А.Цагарели «Гамарджоба» - Акоп, Т.Джюдженоглу «Көшкін» - Отағасы, И. Штраус «Жұбайлар жұмбағы» - Фальк, Д.Рамазан «Кенесары – Күнімжан» - Қоңырқұлжа, М.Фриш «Дон-Жуанның думаны» - Дон Гансало, Ф.Оңғарсынова «Даланың күйші Динасы» - Ахмет, У.Шекспир «Гамлет» - актер, Ғ.Мүсірепов «Ақан сері – Ақтоқты» - Науан және. т.б.