Бүгін Павлодар облысы әкімінің Кубогы үшін жедел шахматтан халықаралық турнир мәресіне жетті. Бәсекеде еліміздің намысын қорғаған шахматшылар табысты ойын үлгісін көрсетті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Жаһанның 6 мемлекетінің спортшылары бақтарын сынаған бәйгенің қорытындысы бойынша қарсыластарына дес бермеген халықаралық гроссмейстер, Азияның төрт мәрте чемпионы, жастар арасындағы әлемнің вице-чемпионы Павел Коцур турнирдің жеңімпазы атанды. Екінші орын тұғырынан Азияның үш мәрте чемпионы, жастар арасындағы әлемнің вице-чемпионы қазақстандық Петр Костенко көрінді. Ал үшінші орынды мысырлық ойыншы, халықаралық гроссмейстер, Африканың екі мәрте чемпионы, жастар арасындағы Әлем чемпионы Ахмед Адли олжалады. Алғашқы екі жеңімпаз 6,5 ұпайдан жинады. Дегенмен Павел Коцурдың қосымша коэффиценті жоғары (25,75) болғандықтан, Петр Костенко 24,5 коэффициентімен екінші орынға жайғасты.
Турнирдің чемпионы, Павлодар облысы әкімінің Кубогына ие болған П. Коцур 1 млн. теңгені қанжығасына байлады. Екінші орын жүлдегері 600 мың теңгені, үшінші орын жүлдегері 400 мың теңгені еншіледі.
Естеріңізге сала кетсек, әлемдік дейгейдегі турнирдің ұйымдастырылуына Павлодар облысының әкімдігі, Дене тәрбиесі және спорт басқармасы, сондай-ақ, аймақтағы Шахмат федерациясының өкілдігі мұрындық болды. Жалпы жүлде қоры 3 млн. теңгені құрады.