Бүгін тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Махмұтұлы «Таңшолпанда» қонақта болып, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының Қазақ хандығының 550 жылдығына орай қолға алып жатқан шаралары туралы айтып берді.
«Жоспарымыз сан-салалы. Соның бірі – 550 жылдыққа қарсы халықаралық конференция өткізу, зерттеу кітаптарын шығару, сондай-ақ, Кенесарының мүрдесін іздестіруді жалғастыру»,-дейді профессор.
«Кенесарының бас сүйегіне келсек, негізгі іздеу жұмыстарын Батыс Сібірден бастамақ ой бар. Себебі, Мәскеу, Ленинград қалаларындағы архив, музейлердің барлығы қаралды. Ол жақтан ештеңе табылмады. Сондықтан, Түмен, Омбы, Кемероводан табылып қалар деген үміт бар. Алайда, бұл мәселеге Ресей жағы аса құлықты емес. Осыдан 2-3 жыл бұрын Омбыдағы музейде Кенесарының мылтығы тұрған. Оны біздің азаматтар суретке түсіріп те алған еді. Ал, қазір жәдігерді қоймаға жіберді. Мылтықты көру де, суретке түсіру де мүмкін болмай қалды».
Зерттеу жұмыстарының барысы турасында айтқан ғалым: «Архив деректерінен Кенесарының басы Омбыға жіберілгені туралы ақпарат бар. Бірақ, оның кейінгі тағдыры қалай болғанын айту қиын. Кітапхана, музейдің қорын, архивті ақтару – тарихшылардың міндеті. Бұл жұмыс жаз шыға қайта қолға алынатын болады»,-дейді.
Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көріңіз.