Алматыда Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күніне орай түрлі шара өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күніне орай түрлі шара өтеді

27.01.2015
Алматыда Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күніне орай түрлі шара өтеді

Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні жыл сайын 4 ақпанда аталып өтеді. Бұл күнді Қатерлі ісікке қарсы халықаралық одақ (UICC) белгілеген. Мақсаты – Жер шары тұрғындарына рак туралы мағлұмат беру, оны уақытылы анықтап, емдеу және аурудың алдын алу.

Атаулы  күн қарсаңында Алматыда 27 қаңтар мен 7 ақпан аралығында қаласының барлық емханаларында онкологиялық аурулардың алдын алу бойынша онкүндік  өтеді.

Шаһардың кез келген тұрғынына жас шамасына қарамай, өз емханаларына барып, онколог, маммолог-мамандардан кеңес алуға болады. Сонымен қатар, көрсеткіштер бар болған жағдайда диагностикалық тексеруден өтуге мүмкіндіктері бар.

Ал, 31 қаңтар күні сағат 14:00-ден 18:00-ге дейін Алматының «Мега» және «Esentai Mall» ірі сауда ойын-сауық орталықтарында «Қатерлі ісікпен күресейік» ақпараттық шарасы өтеді. Шара барысында салауатты өмір салты мен рактың алдын алу туралы буклеттер, онкоаурулардың алдын алу бойынша онкүндік туралы парақшалар және басқа да материалдар таратылады.

Сондай-ақ, 4 ақпан күні сағат 11:00-де «Интерфакс-Казахстан» агенттігінде Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасы, Алматы онкологиялық орталығы, «Қатерлі ісікке қарсы бірге» қоғамдық қоры және Салауатты өмір салтын қалыптастыру Алматы қалалық орталығы басшыларының қатысуымен Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күніне арналған баспасөз конференциясы өтеді.

7 ақпанда  Алматы онкологиялық орталығында арнайы БАҚ өкілдері үшін дәстүрлі Ашық есік күні өткізіледі. Іс-шара барысында журналистер тексеруден өтіп, онколог мамандардан кеңестер алып, көрсеткіштері бойынша диагностикалық зерттеуден өте алады. Сағат 11.00-де Алматы қаласының бас онкологы Д.Р.Кайдарованың қатысуымен баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады.

Хабарламаларға жазылу