Астанадағы Жастар театрында 23 қаңтарда Н.Гогольдің «Ревизор» қойылымы Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековтың арнайы қатысуымен көрермен назарына ұсынылады.
Спектакльдің режиссері – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.
Спектакль - әртүрлі халықаралық, республикалық театр фестивальдеріне қатысып, бірнеше дүркін Гран-При және арнайы аталымдардың иегері атанды. Атап айтар болсақ, 2008 жылы 27 наурыз Халықаралық театр күніне арналған Астана қалалық театрларының жыл қорытындысына сәйкес, Н.Гогольдің «Ревизоры» жоғары бағаланып, «Ең үздік спектакль» аталымында марапатталды. 2012 жылдың қыркүйек айының 16-23 жұлдызы аралығында Орал қаласында өткен Ә. Мәмбетовтың 80 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХ Республикалық фестивалінде қойылым Гран-При сыйлығын қанжығасына байлады. 2014 жылы қазан айында Ақтау қаласында ұйымдастырылған Орталық Азия халықтарының халықаралық театрлар додасында Гран–При жүлдесін, сондай-ақ, «Ең үздік ер адам бейнесі» аталымындағы арнайы сыйлыққа Хлестаков ролі үшін театр актері Дәурен Серғазин лайық деп танылды.
Көптеген режиссер мен актер шығармашылығының қиялына ерік берген Н.Гогольдің атақты туындысы Жастар театры сахнасында өзгеше екпін, ерекше шабыт, қайталанусыз бағытпен театр әлеміне жол тартты. Мұнда бірде-бір жағымды кейіпкер жоқ. Олардың бітім-болмысы көз бояушылықтан, жағымпаздықтан тұрады. Қойылым қоғамымыздағы осындай қайсыбір келеңсіздіктерді заманауи пайымдай отырып, өткір әжуалайды.