2015 жылы журналистерге назар аударуға тұрарлық жеті мүмкіндік - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2015 жылы журналистерге назар аударуға тұрарлық жеті мүмкіндік

02.01.2015
2015 жылы журналистерге назар аударуға тұрарлық жеті мүмкіндік

Стипендияға құжат жинау мен өтініш беру процесі ұзаққа созылуы мүмкін. Сол себепті  журналистерге берілетін мүмкіндікке дайындықты бастай берген жөн.

 

Reuters - Журналистиканы зерттеу инситутының стипендиясы

Қабылдау мерзімі – 30 қаңтар, 2015 жыл

Reuters - Журналистиканы зерттеу институты 3, 6 және 9 айға стипендия ұсынады. Басымдық бизнес-журналистика, журналистика тәжірибесінің эволюциясы және журналистика мен есеп беру міндеттілігі саласындағы жобаларға беріледі. Үміткерлердің журналистика саласында кем дегенде бесжылдық жұмыс тәжірибесі болуы қажет. Ағылшын тілін жетік білуі тиіс.

 

Мичиган университетінің Knight-Wallace Journalism Fellowship стипендиялық бағдарламасы

Қабылдау мерзімі – 1 ақпан, 2015 жыл

Алты халықаралық журналист 12 америкалық әріптесімен Мичиган университетінде бір оқу жылын өткізеді.

Бағдарламаға қатысушылар жеке оқу жоспарын әзірлейді. Ол лекция тыңдау мен университеттің ресурсын белсенді қолданудан тұрады. Бағдарлама оқу мен басқа қалаға көшу ақысын төлейді. Сонымен қатар, қатысушылар 70 000 АҚШ доллары көлемінде стипендия алады. Байқауға қатысушылардың баспа/онлайн басылымдар немесе телерадио хабар тарату саласында бесжылдық тәжірибесі болуы қажет.

 

Гарвардтағы Джоан Шоренштейн орталығының стипендиясы

Қабылдау мерзімі – 2 ақпан, 2015 жыл

Джон Ф.Кеннеди атындағы Гарвард мемлекеттік басқарма институты Джоан Шоренштейн орталығының стипендиясына өтініштер қабылдайды.  Бағдарлама қатысушылары - журналист, ғалым немесе саясаткер. Медиа, саяси қызмет және қоғамдық саясат саласында белсенді қызмет еткені жөн. Ағылшын тілін еркін меңгеруі шарт. Стипендия иегерлері біржылдық семестр бойы оқу орнында тұрады және 30 мың АҚШ доллары көлемінде стипендия алады.

 

Дүниежүзілік баспасөз институтының  стипендиясы

Қабылдау мерзімі – 15 ақпан, 2015 жыл

Үш айға созылатын тәжірибе халықаралық журналистерді АҚШ-тың журналистік этика мен мәдениет, медиа, бизнес, саясат, билік органдарымен таныстырады. Стипендия иегерлері елдің бірнеше бөлігіне сапарға шығады және дәріс алады. Ұйымдастырушылар үміткерлердің тәжірибе кезіндегі барлық шығынын төлейді.

 

Әртүрлі саладағы мамандардың журналистика курсынан өтуге берілетін стипендия

Қабылдау мерзімі – 20 ақпан, 2015 жыл

Торонто университетінің жанындағы Мунк атындағы халықаралық қатынастар мектебі жоғары білімі немесе мамандығы бойынша тәжірибесі бар кәсіпқойларды шақырады. Халықаралық журналистиканың стипендиялық бағдарламасы бойынша 20 орынның біреуіне өтініш беруге болады. Стипендия иегерлері өз мамандығымен байланысты тақырыптарды бұқаралық ақпарат құралдарына  жариялайды. Бағдарлама аяқталғаннан кейін қатысушылар «Халықаралық журналистика» мамандығы бойынша сертификат алады.

 

Массачусет технологиялық институтында тәжірибеден өту

Қабылдау мерзімі – 28 ақпан, 2015 жыл

Тәжірибеден өту мүмкіндігіне медицина, қоршаған ортаны қорғау, ғылым және технология тақырыбында жазатын және кем дегенде үшжылдық еңбек өтілі бар журналистер ие. Knight Science Journalism Fellowships бағдарламасы АҚШ және өзге елдердің журналистерін тоғыз айға созылатын тәжірибеден өтуге шақырады. Бұл аралықта жеке әзірленген жоспар бойынша дәріс ұсынылады. Массачусет технологиялық институты мен Гарвард университетінің курсын тыңдайды және оқытушыларымен кездеседі.  Тәжірибеден өтетіндерге 70 мың АҚШ доллары көлемінде стипендия беріледі.

 

Knight-Bagehot бағдарламасының стипендиясы

Қабылдау мерзімі - 1 наурыз, 2015 жыл

Бизнес және экономика тақырыбында кем дегенде төрт жыл жазып келе жатқан журналистер бұл стипедияға өтініш бере алады. Колумбия университетінің жоғары журналистика мектебі Knight-Bagehot бағдарламасының экономикалық және іскерлік саласындағы стипендиялық бағдарламасына үміткерлерді қабылайды. Бұл журналистерге бизнес, экономика және қаржы саласын терең түсіндіруге бағытталған. 2016 жылы әрбір стипендия иегері 55 мың АҚШ доллары көлемінде стипендия алады және университттің ғимаратында тұрады.

Хабарламаларға жазылу