«Ырыс» бағдарламасы арқылы сүт фермаларын ашуға 157 млн теңге бөлінген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ырыс» бағдарламасы арқылы сүт фермаларын ашуға 157 млн теңге бөлінген

06.11.2015
«Ырыс» бағдарламасы  арқылы  сүт фермаларын ашуға 157 млн теңге  бөлінген
«Ырыс» бағдарламасы  арқылы  сүт фермаларын ашуға 157 млн теңге  бөлінген

Қостанай облысында өндірістік саладағы малдың үлес салмағы артып келеді. Себебі, мал шаруашылығын қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар фермерлердің белсенділігін арттырған. Өңір шаруалары енді ет бағытымен ғана шектелмей, сүт өндірісіне де көңіл бөле бастады. «Ырыс» бағдарламасына қатысып, жаңа ферманың негізін қалаған шаруашылықтың бірінде Қазақ радиосының тілшісі Нұрқанат Құлабаев болып қайтты.

2006 жылы Асқар Қалиевтың қорасында не бәрі 10 бас сиыр, бес жылқы ғана болатын. Қазір ірі-қараның өзі төлін қосқанда 500-ге жетіп жығылады. Кәсіпкер былтыр «Ырыс» бағдарламасына қатысып, 45 млн теңге несиеге қол жеткізген. Оның 35 миллионына Ресейден ет және сүт бағытындағы симментал тұқымды 129 сиыр сатып әкелген. Қаржының қалған бөлігі қажетті техника мен құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсалды.

Мұндағы әр сиыр тәулігіне 18-20 литр сүт береді. Ферма тәулігіне 1 жарым тонна сүт өндіріп, оны Рудныйдағы сүт зауытына тапсырып отырады. «Облыста «Ырыс» бағдарламасы осымен шектеліп қалмайды. Қазірдің өзінде үш жоба дайын тұр. Оларға 120 млн теңге несие беру қарастырылған. Жыл аяғына дейін 250 бас ірі қара сатып аламыз. Сүт өндіру бағытындағы тағы да үш Ферма ашамыз. Осылайша, біздегі фермаларымыздың саны алтау болмақ», - дейді «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» облыстық филиалының директоры Марат Салықбаев.

Биыл Қостанай облысында «Ырыс» бағдарламасына 157 млн теңге бөлінген. Несиенің үстеме сыйақысы 11 пайыз болса, оның 7 пайызын мемлекет өзі төлейді. Мал шаруашылығына тың серпін берген ілкімді жоба келесі жылы да жалғасатын болады.

Kaznews.kaztrk.kz

Хабарламаларға жазылу