2014 жылдан бастап туризм мұнайгаз, құрылыс, ауыл шаруашылығы, машина жасау салаларымен бірге облыс экономикасын дамытудағы басым бағыттардың қатарына енгізілді. Соған орай бұл саланы дамытудың тұжырымдамасы дайындалып, қабылданған. Туризмді дамытудың БҚО деңгейіндегі жол картасы жасақталуда. Бұл жөнінде «Қазақстан-Орал» телеарнасында БАҚ өкілдерімен өткен брифингте Батыс Қазақстан балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының өкілдері мәлім етті.
"Бүгінде әлем елдерінде туризм даму үстінде. Біздің елімізде де туризм саласын дамытуға көңіл бөлінуде. «Туристік қызмет туралы» Заң қабылданған, таяуда ғана «Туристік индустрияны дамыту туралы» тұжырымдама қабылданған. Қазіргі уақытта «Туристік индустрияны дамытудың жол картасы» жасақталуда. Облыста да туризмді дамыту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Биылғы өткен инвестициялық форумда туризмді дамыту секциясының отырысында саланы дамытудың түйінді мәселелері қарастырылған.
Жол картасында туризмді кластерлік тұрғыда дамыту көзделген. Шалқар аумағын дамыту, көл жағасында халықаралық туристік-сауықтыру кешенін салу алдағы күннің еншісінде. Орал қаласы, соның ішінде шаһардың ескі бөлігі уақыт өте ашық аспан астындағы мұражайға айналады. Жайық өзені бойынша саяхат жасау үшін бағыттар нақтыланады. Облыста 40 шақты турфирма жұмыс істейді, бірақ солардың екі-үшеуі ғана ішкі туризмді дамытумен шұғылданады. Қазақстандықтардың өзге елдерге саяхаттағаны жақсы әрине, бірақ, ақша сыртқа кетеді, сондықтан ішкі туризмді дамытып, өзге жұрттың өлкемізге ағылғаны пайдалырақ. Туризм экономиканың 36 саласымен тығыз байланысты.
«ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық шеңберінде орталықтың ұсыныстарын әзірлеп, облыс әкімдігіне ұсынудамыз",- деді Орталықтың директоры Виктор Фомин.
Орталық директорының орынбасары Гүлсім Мұсағалиеваның айтуынша, балалар туризмін дамыту ішкі туризмді өркендетуге серпін бермек. Елімізде балалар туризмін дамытудың 35 орталығы болса, соның 14-і біздің облыста жұмыс істейді. Батыс Қазақстан балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының бастамасымен «Туған жердің көрікті жерлерінен Қазақстанның қасиетті жерлеріне» деп аталатын туристік-экскурсиялық марафон жобасы қаралуда. Жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуді көздейтін жоба бойынша балалар туған жердің көрікті жерлерін аралап, Елордасы Астанамен танысуға мүмкіндік алады. Облыста тау туризмін, спорттық бағдарлау түрін дамыту қолға алынған. Тау туризмі табиғат рельефіне сай келмесе де, аудандардағы мектептерде жасанды тау жартастарын құру арқылы ұл-қыздарды шымыр болуға тәрбиелеуде.
Интеллектуалды спорт саналатын спорттық бағдарлаудың бір түрі Азиада ойындарына енгізілгендіктен, аталмыш орталықта спорттық бағдарлау бөлімі ашылып, осы спорт түрін дамыту қолға алынуда. Спорттық бағдарлау түрі бойынша Зеленов ауданының жас спортшысы Наргиза Иргусаева Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанып, Ұлттық құрамаға қабылданып, қазір халықаралық жарыстарға дайындалуда.
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА
«Орал өңірі» газеті