Қазақстанның Даму банкі елімізде 4G желісін кеңейту жобасын қаржыландырады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанның Даму банкі елімізде 4G желісін кеңейту жобасын қаржыландырады

25.12.2014
Қазақстанның Даму банкі елімізде 4G желісін кеңейту жобасын қаржыландырады

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ құны 104,9 млрд. теңгені құрайтын кең жолақты 4G мобильді интернетіне қатынауды енгізу жобасын жүзеге асыру мақсатында кредит желісін ашты, деп хабарлайды қаржы институты баспасөз қызметі.

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ «АЛТЕЛ» АҚ бүкіл ел бойынша кең жолақты 4G мобильді интернетіне қатынауды енгізу жобасын жүзеге асыру мақсатында кредит желісін ашты. Жобаның құны 104,9 млрд. теңгені құрайды, қажетті қаражаттың шамамен 35%-ын Қазақстанның Даму банкі 10 жыл мерзімге дейін ұсынады, несие беру валютасы – теңге», - делінген хабарламада.

Бұл индустрияландырудың екінші бесжылдығы аясында қарастырылған Қазақстанның Даму банкі Ұлттық қор қаражатынан қаржыландырған алғашқы жоба.

4G желісін іске қосу және дамыту Қазақстанның барлық қалаларында және елді мекендерінде жоспарланған. Жоба екі кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде, 2018 жылға дейін, жаңа дәуірдің сымсыз байланысын барлық ірі қалаларға, сонымен қатар тұрғындар саны 50 мыңнан асатын елді мекендерге енгізу; екінші кезең - 2022 жылға дейін, еліміздің барлық елді мекендерінде LTE/GSM/UMTS желілерін дамыту және LTE желісін енгізу жоспарланған.

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ нақтылағандай, жобаны жүзеге асыру интернет желісінде деректерді 100 Мбит/с дейінгі жылдамдықпен тасымалдау, жоғары және орта оқу орындарында электрондық білім алуды белсенді енгізу, сонымен қатар видео түсірілімдерді жоғары жылдамдықта көру мүмкіндігін береді.

Хабарламаларға жазылу