Бүгін Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев Ақсу ауылдық аймағына қарасты Қызылжар елді мекеніндегі «Қызылжар-Құс» фабрикасының ашылуына қатысты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Аймақ басшысы Индустрияландыру картасы аясында ашылған кәсіпорын экспорттық әлеуетін арттырып, фабрикадан түскен салық ауылдық аймақтағы инфрақұрылымды дамытуға жол ашатынын атап өтті.
«Бірінші кезеңде 4 мың тоннаға дейін өнім шығарылады. Бұл облыстағы бройлер еті бойынша қажеттіліктің 70 пайызын өтейді. Қазіргі таңда 100-ден астам жергілікті тұрғын еңбек етуде. Алдағы уақытта қосымша жұмыс орны ашылмақ. 2016 жылы өндіріс қуатын 8 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Жалпы, ҮИИД бағдарламасының бірінші бесжылдық шеңберінде облыста 87 жоба іске асырылды», - деді Қанат Алдабергенұлы.
Кәсіпкер Дәулет Сыздықов аталмыш жоба «Бизнестің жол картасы-2020» және «Агробизнес-2020» бағдарламалары аясында Павлодар облысы әкімдігі мен Еуразиялық банктің қаржылай қолдауымен жүзеге асырылғанын атап өтті.
Қазіргі таңда бройлер балапандарын шығару мақсатында инкубаторларға 114 мыңнан астам жұмыртқа салынған.
«Қызылжар-Құс» ЖШС-ның директоры Николай Руденконың айтуынша, келесі жылдың қаңтар айында ішкі нарыққа жергілікті бройлер еті жеткізіледі.