Серік Сейітман: Бұл сыйлық – Тәуелсіздіктің жемісі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Серік Сейітман: Бұл сыйлық – Тәуелсіздіктің жемісі

11.12.2014
Серік Сейітман: Бұл сыйлық – Тәуелсіздіктің жемісі

«Нұр Отан» партиясының қолдауымен Тәуелсіздік күні қарсаңында дәстүрлі «Жас тұлпар» сыйлығының лауреаттарын марапаттау салтанаты өтті. Сыйлық – Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға, жастардың жан-жақты дамуына және мемлекеттік тілді өнерлі жастар ортасында дәріптеп, елдің беделін арттыруға үлесін қосқандарға берілді. Солардың қатарында – ақын, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері Серік Сейітман да бар. Әдебиет саласындағы жетістіктері үшін үздік шыққан ақын бүгін «Таңшолпанда» қонақта болды.

«Сонау ғасырлар қойнауындағы Күлтегін, Тоныкөк бабаларымыздан мұра болып қалған көне түркі жазба ескерткіштерінде «Күші толып, кемеліне келмес ел, Күндіз күлкі, Түнде ұйқы көрмес ер», деген сөз бар екен. Ал, өзім көзі ашық, көкірегі ояу азамат ретінде патриот болып, елі үшін қызмет еткеннен артық бақыт жоқ, деп есептеймін. Сондықтан, мен үшін қуанышты жағдай бұл жалпы еліммен астасып жатқан дүние. Бұл сыйлық – Тәуелсіздіктің жемісі»,-дейді Серік Сейітман.

Жеке шығармашылығына тоқтала кеткен ақын: «Домбыра» деген кітабым жарық көріпті. Бірақ, оны әлі өзім де көрмедім. Бұрындары оқып жүргенде өлең жазудағы басты тақырып – сезім, махаббат еді. Кейін келе ел ісіне араласа бастаған соң, қазақтың руханиятындағы толмай жатқан дүниелерді біз толтырайық деп азаматтық лирикаға қарай бұрылдық. Соның нәтижесінде – «Қазақтың қаны», «Қарашаңырақ», «Домбыра» деген кітаптар жарыққа шығып жатыр»,-дейді.

Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу