Бұл туралы бүгін Ақордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Сенім грамотасын тапсыру рәсімінен кейінгі брифингте Қазақстандағы Мысыр Араб Республикасының Төтенше және өкілетті Елшісі Хайсам Салах Камел Ибрагим мәлімдеді.
Елші екі ел арасындағы мәдени және діни байланыстар қарқынды дамуымен әрі табыстылығымен ерекшеленетіндігін атап өтті.
Сонымен қатар, ол осы жылдың қараша айында Мысыр Дін істері министрінің Алматы және Астана қалаларына сапар жасағанын еске салды.
«Министр сапары аясында Алматыдағы Мысыр-Қазақстан ислам мәдениеті университетінде болды. Осы білім ордасында сабақ беру үшін Мысырдың Әл-Асқар университетінің жоғары дәрежелі оқытушылары мен белгілі ғалымдарын жіберуге келісімін берді. Сондай-ақ, қазақстандық студенттер үшін Әл-Асқар университетінде оқу гранттарының санын көбейту, қазақстандық имамдарға арналған Мысырда арнайы курстар өткізу туралы келісімшарттар жасалды», - деді ол.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен Мысырдың фольклорлық-музыкалық ансамблінің Қазақстанға келіп, Астана мен Алматы қалаларында түрлі концерттер беру мәселесі қаралуда.
ҚазАқпарат