Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) Олимпиадалық ойындар өткізу өтінімін беру рәсімін жеңілдетті, деп хабарлады Би-би-си.
Енді өздерінде Жазғы және Қысқы Олимпиада ойындарын өткізу үшін тілек білдірушілерге бұл жеңіл ғана емес, арзанға да түспек. Сонымен қатар, тарихта алғаш рет жарыстарды бір мезгілде бірнеше қалаларда және елдерде өткізу мүмкіндігіне жол беріледі. ХОК-тың Монакода өткен 127-ші сессиясында ұйым мүшелері «Олимпиадалық күн тәртібі-2020» реформалары жоспарын қабылдап, Олимпиадалық ойындарды өткізуге өтінім беру ережелерін қайта қарауға дауыс берді. Жоспарда сонымен қатар ХОК-тің өз олимпиадалық телеарнасын құру көзделуде. Көптеген елдерді Олимпиаданы өткізудің жоғары бағасы үркітіп отыр. Бұл әсіресе, Сочидегі Қысқы Олимпиада өткізілгеннен кейін өзекті бола түсті, бұл ойын ұйымдастырушыларға 50 млрд. доллардан астам шығынға түскен.
2022 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарын өткізуден алты қаланың төртеуі бас тартып, өтінімдерін қайтарып алды. Олимпиадалық додадан өз бастамасымен Осло, Львов, Краков және Стокгольм шығып қалды. Енді 2022 жылғы ойындарды өткізу үшін Алматы мен Бейжің ғана бәсекеге түседі. ХОК жарыстарды өткізуде қаржыны үнемдеу үшін қазіргі қолда бар спорт ғимараттарын белсенді пайдалануға шақыруда.
Сондай-ақ, ХОК Жазғы және Қысқы Олимпиадалардағы спорт түрлерін көбейтуге шешім қабылдады, алайда жарысқа 10,5 мың атлетті қатыстыруға лимит енгізді. Мәселен, Лондондағы ойындарда осынша спортшы болған. Олимпиада-2012 медальдары 26 спорт түрлі бойынша тапсырылды, жаңа ереже олардың санын 28-ге дейін көбейтіп отыр. Бұл 2020 жылғы Токиода өтетін ойындар бағдарламасына бейсбол мен софтболды енгізуге мүмкіндік береді.
www.aikyn.kz