Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры сахнасында Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» аңыз-дастаны сахналанды, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі.
Балтық жағалауынан келген Еуропаға танымал режиссер Йонас Вайткус қойған лирикалық драмада күй атасы Қорқыт рөлін танымал актер Дулыға Ақмолда сомдады.
«Қорқыттың Көрі» – Қорқыт бабамыздың запырандай ащы аңыз-өміріне арнап қойылған сахналық түйсіктің бейне тұжырымы. Қойылым оқиғасы Пайғамбар Мұхаммед (с.а.у) заманына жақын тұста Сырдария бойында өтеді.
Ширек ғасыр бұрын жазылған туындысын литвалық режиссерге сеніп тапсырған аңыз-дастанның авторы Иран-Ғайып премьераға арнайы келді.
Сахна декарациясы, актерлердің киімі мен рөлді сомдау шеберлігіне тәнті болған жазушы-драматург өз ризашылығын білдірді.