«Тұрар Рысқұлов. Өмірі мен қызметінің күндерегі» атты кітап жарық көрді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Тұрар Рысқұлов. Өмірі мен қызметінің күндерегі» атты кітап жарық көрді

08.12.2014
«Тұрар Рысқұлов. Өмірі мен қызметінің күндерегі» атты кітап жарық көрді

Қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың 120 жылдық мерейтойына орай  Ордалы Қоңыратбаевтың «Тұрар Рысқұлов. Өмірі мен қызметінің күндерегі» атты биохроникалық зерттеуі жарық көрді.

Кітапта ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі, ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшысы, азаматтық тұлғасын әлем мойындаған саясаткер, қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым-публицист Тұрар Рысқұловтың 1894-1919 жылдардағы өмірі мен қызметінің күндерек мәліметтері қамтылған.

Тарихшыларға, саясаттанушыларға, жоғары оқу орындарының студенттеріне, магистранттар мен докторанттарға, қайраткердің өмірі мен қызметін білгісі келетін барша оқырмандарға арналған кітап Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығы, ТарМПИ баспасынан шыққан.

Біздің анықтама:

Жүсіп Баласағұн атындағы ғылыми-зерттеу орталығы – Тараз Мемлекеттік педагогикалық институтының жанынан ашылған. Орталық Түркістан өлкесін зерттеумен айналысады.

Ғылыми зерттеу орталығының мақсаты – Түркістан өлкесінің тарихына қатысты кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу, Тараз өңірі мен Әулиеата уезінің тарихы бойынша бұрын жарық көрмеген архив құжаттарын жинастыру, қордаланған материалдардың негізінде көптомдық құжаттар жинағы мен монографиялық еңбектер даярлау.

Орталыққа есімі берілген Жүсіп Баласағұн қазіргі Қазақстанның Шу аймағындағы көне Баласағұн қаласында дүниеге келген. Ғұламаның әйгілі шығармасы – «Құтты білік» - ізгі мемлекетті қалай құру және оны қалай басқару туралы энциклопедиялық туынды.

«Құтты білік» – ізгі мемлекетте өмір сүретін ізгі адамды қалай тәрбиелеу керек деген мәңгілік сұраққа жауап іздеген түркі тіліндегі алғашқы философиялық-педагогикалық шығарма.

Хабарламаларға жазылу