«Алтын домбыра» иесі айтыскер ақын Балғынбек Имашев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Алтын домбыра» иесі айтыскер ақын Балғынбек Имашев

06.12.2014
«Алтын домбыра» иесі айтыскер ақын Балғынбек Имашев

5-6 желтоқсанда Астана қаласындағы «Конгресс-хол» сарайында «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Алтын домбыра» айтыскер ақындардың фестивалі аясында «Мәңгілік Ел - Мұратым» атты республикалық ақындар айтысы өз мәресіне жетті.

 «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының маңызды бір тармағы - ұлттық құндылықтарға баса мән беру, мәңгілік ел болу жолында ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұраларды көздің қарашығындай сақтау, келешек ұрпаққа аманаттау. Осы міндеттің аясында, қазақ айтыс өнерінің дамуына атсалысу күн тәртібіндегі мәселе екені анық. Бұл айтыс та дарынды жас ақындардың ақындық пен орындаушылық шеберлігінің шыңдала түсіп, көпшілікке танылуына және тәуелсіздік идеясын, елдегі халықтар достығын, береке-бірлік пен саяси тұрақтылықты жырлауға, сол арқылы жас ұрпақты адамгершілік, отансүйгіштік қасиеттерге тәрбиелеуге арналды.

Партияның қолдау білдіруімен өткен жылдан бері «Нұр Отанның» 15 жылдық мерейтойына арналған оннан астам халықаралық және республикалық деңгейдегі ақындар айтысының ұйымдастырылғаны белгілі. Бұған биылдың өзінде Талдықорғанда «Бір ел - бір халық - бір тағдыр», Ақтауда «Береке басы - бірлікте», Таразда «Отбасым тірегім, Отаным жүрегім», Қарағандыда «Ерлерім еңбек еткен жер», Шымкентте «Шырайлы, шежірелі құтты мекен», Өскеменде «Алтайым - алтын бесігім» атты республикалық айтыстардың ұйымдастырылуы дәлел.

Екі күнге жалғасқан айтысты халықаралық «Айтыс ақындар мен жыршы-термешілер» одағының басқарма төрағасы, қоғам қайраткері, ақын Жүрсін Ерман жүргізді.

Шараға белгілі түркітанушы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қорқыт ата ғылыми-зерттеу орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазықызы, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті, жыршы-термеші Бекболат Тілеухан, саяси-қоғамдық «Ара» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы сатира кеңесінің төрағасы Көпен Әмірбек, «Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев, Қазақстанның Халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты «Парасат» орденінің иегері Асанәлі Әшімов және айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек қазылық етті. Ақындардың өнерін қазылар он балдық жүйе бойынша бағалады.

Айтыс екі бөлімге созылды. Бірінші бөлімде: Нұрмат Мансұров - Оразбай Болатбек, Жансая Мусина - Ержан Әміров, Айнұр Тұрсынбаева - Айбек Қалиев, Сырым Әуезхан - Біржан Байтуов, Еркебұлан Қайназар - Жандарбек Бұлғақов cөз сайыстырса, екінші бөлімде: Қалижан Білдәшев - Жақсылық Орынбасар, Әсем Ережеқызы - Төлеген Жаманов, Сара Тоқтамыс - Әсет Дүйсебаев, Балғынбек Имашев - Мейірбек Сұлтанхан, Мақсат Ақанов - Нұрлан Мұсаев, Мұхтар Ниязов - Бекарыс Шойбеков сынды ақындар бақ сынады.

Сонымен дүбірлі жыр додасының қорытындысы бойынша бас жүлде - «Алтын домбыраны» және 3 000 000 теңге көлеміндегі сыйақыны Балғынбек Имашев иеленді. Бірінші орынға Жандарбек Бұлғақов (2 000 000 теңге) лайық деп танылса, екінші орынды Еркебұлан Қайназаров иеленді (1 500 000 теңге). Ал екі үшінші орынды Бекарыс Шойбеков (1 000 000 теңге) пен Айнұр Тұрсынбаева (1 000 000 теңге) өзара бөлісті.

ҚазАқпарат

 

 

Хабарламаларға жазылу