Қазақстанның Бразилиядағы Елшілігінің ұйымдастырылуымен Бразилиа қаласының белгілі «ITAU» кинотеатрында, ҚР Тұнғыш Президенті күні және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған іс-шаралар шеңберінде «Бразилиядағы қазақстандық кино апталығының» ресми ашылуы өтті, деп хабарлайды СІМ ресми сайты.
Аталған мерекелік іс-шараға Бразилиялық қоғамдық қайраткерлер, ғылыми-мәдениет және академиялық топтар, мемлекеттік органдар мен ведомстволар өкілдері, Жоғары оқу орындарының профессорлары мен студенттері және БАҚ өкілдері, сондай-ақ, Бразилияда тіркелген дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты.
«Бразилиядағы қазақстандық фильмдер апталығы екі ел арасындағы кинематографиялық саладағы ұзақ мерзімді байланыстарды нығайтып қана қоймай, бразилиялық көрермендерді қазақ ұлтымен, оның тарихы және мәдениетімен жақын таныстырады, сондай-ақ, бұл өткізіліп отырған іс-шара қазақстандық-бразилиялық достық қарым-қатынастардың одан әрі нығаюына үлкен септігін тигізетініне сенімдімін», -деді Елшісі Бахытжан Ордабаев .
Көрермендер португал тілінде дайындалған ақпараттар негізінде «Бразилиядағы қазақстандық фильмдер апталығының» бағдарламасы, көрсетілетін фильмдердің мазмұндарымен алдын ала таныса алды. Барлық фильмдер португал тіліне аударылып, субтитрмен көрсетіледі.
Бразилиа қаласындағы қазақстандық фильмдер апталығы 10 желтоқсанға дейін жалғасады.