Алматыда жаңа мешіт ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жаңа мешіт ашылды

05.12.2014
Алматыда жаңа мешіт ашылды

Алматыда Бостандық ауданында жаңа мешіт ашылды. Ғибадат орнында 3 мың адам бір мезетте құлшылық ете алады.

Жаңа мешітке Елбасының ұсынысымен мемлекет және қоғам қайраткері Бәйкен Әшімовтің аты берілді. Мешіттің ашылу салтанатына қала басшысы Ахметжан Есімов, ҚР Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы, ҚМДБ өкілдері, өзге де мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.

«Бүгін - ақ түйенің қарны жарылған қуанышты күн. Сәулеті келіскен рухани ордаларымыз бой көтеріп келеді. Алматыда қалалық жамағатқа ыңғайлы болу үшін 3 қабатты автотұрағы бар мешіт ашылды. Бұл қалалық өмірге бейімделіп салынған жалғыз мешіт десе болады. Бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірлерінде діни құлшылық орындары ашылып жатыр. Бұл дегеніміз - қоғамымыздың имандылыққа бет бұрғандығын, елдің әл-ауқатының жақсарғанын көрсетеді. Мешіт тек қана бес уақыт намаз оқитын орын емес, сондай-ақ, рухани тұрақтылықтың ортасы болуы керек», - деді ҚР Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы.

Бұл Алматыдағы 39-шы мешіт екенін айта кету керек. Рухани орталық 2013 жылдан бастап салынды. Басты ерекшелігі - заман ағымына сай кең автотұрақпен қамтылған. 3 қабатты автотұрақтың әр қабатына 88 көлік сыяды.  Жаңа мешітте ғибадат ету бөлмелерінен басқа діни сауат ашу бөлімдері де қарастырылған.

Бүгін мұнда ҚМДБ төрағасының бастауымен алғашқы жұма намазы оқылды. Жалпы мешітке келген қауым арнайы демеушілерге және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына алғыс білдіруде.

Хабарламаларға жазылу