«Жырлаймын туған елімді» байқауының кезекті қатысушысы – Айдын Байыс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жырлаймын туған елімді» байқауының кезекті қатысушысы – Айдын Байыс

05.12.2014
«Жырлаймын туған елімді» байқауының кезекті қатысушысы – Айдын Байыс

Айдын Байыс – 1994 жылы Қарағанды облысы, Балқаш қаласында дүниеге келген. Өлеңдері ұжымдық жыр жинақтарында жарияланып, бірнеше республикалық мүшәйралардың жүлдегері атанған. Қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде білім алуда.

Туған жердің қасиетін қара өлеңмен кестелеген жас ақын бойдағы дарынын атамекеннің жалыны, деп біледі. Оның әрбір өлеңінің тармақтарында туып-өскен жеріне деген сағыныш бар.

«Өмірдегі басты ұстанымым – жаным арымның садағасы»,-дейді ол.

Әлдиіне ұйытып, ғарыштағы үн,

Жыр тербейді көкшеуіл қамыстарын,

Уысымнан сусылдап уақыт құм

Ақ желкендей жағаңнан алыстадым.

Қала қалды, қолында жеті мүштік,

Жетеуінсіз дей алман жетіліс тік,

Ару қалды көз жасын үзіп үнсіз

Қоштасарда айдынның шетіне ыстық.

Әуелетіп нар кескен нәзік әнді,

Айна көлде аққулар назы қалды,

Түсінбейді-ау, өзіңде тумақ түгіл

Бәденіңді көрмеген базынамды.

Сағыныш пен сөздері жылы естілген,

Өндіргендей өлеңнен мұң естім мен,

Іздеймісің ұлыңды, ұлы көшке

Жазмышының жазуы ілестірген.

Сүйрік толқын тереңнен сыр ұқтырған,

Сырыңды ұғым, шерімді құмықтырғам,

Түсінгенге көкше көл қасиет қой,

Қалыбында Тәңірдің тұнып тұрған.

Байыз таппас жүрегім бүгін білем,

Жанарымды жұбатпай, күлімдер ең,

Аңсар ұшып, тек енді тыңдап тұрам

Көкше көлден Кернейдің үнін күрең.

Хабарламаларға жазылу