5 желтоқсан күні Мәскеуде «Алтын күз – 2014» қазақ әндері Мәскеу жастар фестивалінің гала-концерті өтеді. Мерекелік шара Ресейде 1989 жылы құрылған «Мұрагер» қазақ мәдениеті Мәскеулік қоғамының 25 жылдығына арналып отыр.
Фестивальді өткізудегі негізгі мақсат – Мәскеуде қазақтың музыка мәдениетін насихаттау, Қазақстан мен Ресей арасындағы татулықты бекемдей түсу.
Шараны Мәскеу қаласы Ұлттық саясат және діни ұйымдармен байланыс, аймақаралық серіктестік департаменті, Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Елшілігі, Еуразиялық экономикалық комиссия және Мәскеу қаласының «Московский дом национальностей» мемлекеттік бюджеттік мекемесі ұйымдастырған.
Сонымен қатар, фестивальге атсалысқандар қатарында «Қазақ диаспорасы» Мәскеу қоры және Ресей жоғары оқу орындарындағы қазақстандық студенттер бірлестігі де бар.
«Алтын күз-2014» байқауы барысында мәскеуліктер қазақ халқының мәдениеті, салты, дәстүрімен танысты. Сонымен қатар, конкурс қатысушылары қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары мен вокалды дәстүрін кеңінен насихаттады. Фестиваль аясында өткен қазақтың ұлттық кәдесыйларының көрме-жәрмеңкесі аясында Павлодар қаласында орналасқан «Самал» мүгедек балаларды қолдау реабилитациялық орталығы қайырымдылық акциясын өткізді.