Алматыда «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалының есеп беру-сайлау конференциясы барысында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен мен әнші Медеу Арынбаев партия қатарына өтті.
Партия билетін қалалық партия филиаланың төрағасы Ахметжан Есімов табыстады.
«Партияның ел игілігі үшін жұмыс істеп жатқаны көпшілікке белгілі. Мен әлемнің көптеген елінде болдым. Қазақстаннан артық елді өз басым көрмедім.
Дәл біз сияқты отаншыл, әрі ынтымақшыл ел әлемде жоқ. Мен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа көреген саясаты үшін шексіз разымын және «Нұрлы Жол» мен «Қазақстан 2050» Стратегиясындағы мұраттарды жүзеге асыруда өзімнің пайдамды тигіземін деп үміттенемін», - деді спортшы.
Бүгінгі күні «Нұр Отанның» Астаналық және Алматылық филиалдардан, 14 облыстық, 225 аймақтық өкілдерінен, 5600 бастауыш партия ұйымдарынан, 241 қоғамдық қабылдаулар мен «Жас Отан» жастар қанатынан тұратын тармақталған жүйесі бар, деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.