Бүгін – Жұмекен Нәжімеденовтің туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Жұмекен Нәжімеденовтің туған күні

28.11.2014
Бүгін – Жұмекен Нәжімеденовтің туған күні

Бүгін – ҚР Мемлекеттік Әнұранының авторы, көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері  Жұмекен Нәжімеденовтің туған күні.  Осыған орай жары Нәсіп Мұстахқызының сұхбатын «Таңшолпаннан» тыңдаңыз.

«Жұмекен екеуміз мектепте бірге оқыдық. 1954 жылы мектеп бітірген соң, бір жылдай мектепте ұстаздық етті. Қазір ол мектеп Жұмекеннің атында. Сол жылдары комсомолдың жолдамасымен Қарағандыға барды. «Менің Қазақстанымды» сол Қарағандыда, шахтада жүріп жазды»,-деп еске алады Нәсіп апа.  

«Ол уақытта қазақтың кең даласын Ресейге бөліп бермекші болып жатты ғой. Ақынның қаруы – қалам. Сол кезде қаламымен білдірген қарсылығы осы сөзі  болды.  «Менің елім, менің жерім, қазағым», деп жырлады. Алайда, мұны Орталық комитет эфирге шығармады. Әуені ұнады, тек сөзін өзгерт депті. «Сен неге «Менің елім, менің жерім, қазағым» дейсің? Олай болмайды, партияны қос дейді.  Содан амал жоқ, партияны қосқан жерлері бар еді. Қанша өзгертілгенімен,  кейін Жамал Омарова орындаған алғашқы нұсқасы 1959 жылы қараша айында эфирге  шықты»,-дейді ақынның жары.

«Отбасында өте жайлы еді. Балаларды жақсы көретін. Жүрегі жұмсақ еді. Қонақ шақырғанда немесе үйге қажетті жиһаз алу керек болса ғана мазалайтынмын. Басқа кездері ойын бөлмеуге тырыстым».

«Үйге Шәмші күнара келетін. Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменов, Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақов та жиі қонақ болатын. Ал, інілерінен Темірхан Медетбековті туғанындай көретін. Жұматай Жақыпбаевты «мықты ғой, мықты» деп отыратын.  Күләш Ахметованы ерекше сыйлайтын»,-дейді.

Хабарламаларға жазылу