Саян Дембирел: «Дала дауысы» халықаралық радиофестивалі жоғары дәрежеде ұйымдастырылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Саян Дембирел: «Дала дауысы» халықаралық радиофестивалі жоғары дәрежеде ұйымдастырылған

28.11.2014
Саян Дембирел: «Дала дауысы» халықаралық радиофестивалі жоғары дәрежеде ұйымдастырылған

«Дала дауысы» әр жылдардағы қазақ әнінің фестивалі ретінде ойластырылған жоба болып отыр. Қазақ әуендерін насихаттау мақсатында Қазақ радиосы осы байқауды ұйымдастырып келеді. «Дала дауысы» халықаралық радиофестиваліне қатысатын отандық және алыс-жақын шетелдегі  әншілерге қазақтың дәстүрлі және эстрадалық әндерін жоғары деңгейде орындау талабы қойылған.

Радиофестивальге Латвия елінен келген өнерпаз Лана Франческа және Тыва Республикасының өкілі Саян Дембирел бүгін «Таңшолпанда» қонақта болды.  

«Мен бұдан дейін де елдеріңізде болдым. Осында қайта келіп, фестивальге қатысуға мүмкіндік алғаныма қуаныштымын. Осының өзін жеңіс деп білемін. Бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік, үлкен сынақ. Мемлекеттің атынан шығып, қазақ тілінде ән орындау керек болды.  Таңдаған әнім – «Әлия». Бұл өте күрделі ән, әрі зор дауысты қажет етеді.  Аталған туындыны нақышына келтіру оңай емес. Сондықтан, әннің иірімін бұзбай, жоғары деңгейде орындап шығу үшін көп дайындық жасадық»,-дейді Латвия елінің қатысушысы.

«Ал, мен сіздердің елге алғаш рет келіп отырмын. Алған әсерім тамаша. Қазақ елі жылы қабақпен қарсы алды. Біз түбі бір түркітілдес халықтар болғандықтан,  тілімізде ұқсастық бар. Мен «Ауылым» әнін орындадым. Қазіргі кезде Мәскеу қаласында тұрамын. Бұл әндегі сағыныш сезіміндей, мен де ауылымды аңсап, сағынамын. Орындаған әнімде тамаша табиғат, асқар таулар суреттелген. Мен үшін бұл таңсық емес. Біздің туып-өскен жердің табиғаты да сіздердің жерлеріңізге өте ұқсас. Бір сөзбен айтқанда, фестиваль жоғары дәрежеде ұйымдастырылған деп айтуға болады»,-дейді Тыва елінен келген әнші Саян Дембирел.

Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпанның» сюжетінен көріңіз.

Хабарламаларға жазылу