«Қазақстан-Орал» телеарнасы 50 жылдық мерейтойын атап өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан-Орал» телеарнасы 50 жылдық мерейтойын атап өтеді

27.11.2014
«Қазақстан-Орал» телеарнасы 50 жылдық мерейтойын атап өтеді

1964 жылдың 26 қыркүйегінде Батыс Қазақстан облыстық телестудиясының тұңғыш хабары эфирге шықты. 1964 жылы 15 тамызда Орал телеарнасының тұсауы кесілмес бұрын облыстық телевизия және радио хабары комитеті құрылып, алғашқы төрағасы болып Наурыз Сыдықұлы Сыдықов бекітілді. Бүгінде қаладағы көшелердің біріне Н.Сыдықовтың есімі берілді. 

1980 жылы Орал телестудиясы түрлі-түсті пленкаларды қолдануға көшті.  2003 жылдан бастап облыстық телевизия хабарлары толықтай цифрлы форматқа көшті.

Алғашқыда эфир уақытының ұзақтығы 3-4 сағат болды. Хабарлар мен жаңалықтарды беруде фотосуреттер пайдаланылды. Кейін кинокамералар алынып, фотосуреттерді ақ-қара түсті кинопленкалар ығыстыра бастады. Облыстық арна ашылған тұста одақтық және республикалық телевизияның қызметі әлі облыс орталығына жете қоймағандықтан оралдық көрермендер жергілікті хабарларды жіті қадағалайтын.

Әр жылдары ұжымның тізгінін ұстаған Молдағали Рысқалиев, Ғарифолла Көшенов, Махамбет Машекенов, Мнир Сүлейманов, Шавхат Өтемісов (қазір ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты) облыстық студияның дамуында қолтаңбасын қалдырды.

Теледидардың аға буын қызметкерлері ретінде А.Вдовин, А.Иночкин, Е.Қасенов, С.Ғұмаров, Л.Архипов, М.Нұғманова, С.Ғазизов, Ю.Юмашева, Н.Чесноков, Ғ.Тұрғаналиев, А.Дош, Ж.Габдуллина, А.Агелеуова, Л.Глазова, Р.Кабашева, Т.Гилманова, Г.Корчагина А.Қарасаева т.б. есімдері алдымен аталады.

Бүгінде «Қазақстан-Орал» телеарнасы тәулігіне 14 сағат, аптасына 98 сағат ақпарат таратады. Аптадағы хабарлардың 21 сағатын республикалық, 5 сағатын облыстық мемлекеттік тапсырыс құрайды. Арна бойынша тәулік сайын эфирге беріліп отырған төл хабарлардың 4 сағаты – жаңа бағдарламалар. Оның 60 пайызы - қазақ тілінде.

 Айта кету керек, телеарна мерейтойын ертең, яғни, 28 қараша күні кеңінен атап өтпек.

Хабарламаларға жазылу