«Жырлаймын туған елімді» байқауының жаңа үміткері – Ләззат Мақашева - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жырлаймын туған елімді» байқауының жаңа үміткері – Ләззат Мақашева

27.11.2014
«Жырлаймын туған елімді» байқауының жаңа үміткері – Ләззат Мақашева

«Жырлаймын туған елімді» байқауының жаңа үміткері – Ләззат Мақашева. Ол 1995 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданында дүниеге келген. Бірнеше республикалық жыр мүшайрасының жүлдегері. 

Өлеңдері облыстық, республикалық басылымдарда жарияланып жүр. Бүгінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде білім алуда.

«Өмірлік мақсатым – адам деген ұлы аттың адалдығына кір келтірмесем деймін»,-дейді ол.

Еркесі едім сағымның, қуған желдің,

Ортасында жүруші ем, думанды елдің,

Қала таңын мен тұрмын қарсы алып,

Аппақ таңын сағынып туған жердің.

Жұмбақ қала! Құшақ аш, қарсы ал бүгін,

Сағынышқа толы ғой ән сандығым,

Жаңбырыңның астында жылап тұрмын,

Есіме алып ауылдың ақ жаңбырын.

Көңілімнің күдігін аршы мына,

Биігімнің Туған жер, қал шыңына,

Сылдыраған мөп-мөлдір өзені де,

Ауылымның жетпейді шалшығына.

Куә болған кіршіксіз арманыма,

Сендік қуат мен үшін жанға дуа,

Тіпті сенің төбеңе татымайды

Бұл қаланың біп-биік таулары да.

Табиғатым, сұлусың, ұғынбадым,

Қалай көрмей жүргенмін, бұрын бәрін

Өзің жайлы өктемдеу сөз естісем,

Шығып кете жаздайды шыбын жаным.

Кеудемде бар жерімнің оты жалын,

Күнде ауылға хат жазып отырамын.

Ат басындай алтынға туған жердің

Айырбастамас едім топырағын.

Менің сорлы үмітім, үзіл бүгін.

Жазған хаттар жыртылды, сызылды мұң,

Күн батқанда ауылдың, тұрам ылғи,

Қырдан батқан көргім кеп, қызыл күнін.

Өзгергенмен өмірде ғасыр жүйем,

Сенен қуат аламын асыл ием,

Жырақ жүрсем, сағыныш болғаны үшін

Туған жердің алдында басымды ием!

Хабарламаларға жазылу