Ислам Кәрімовтің Қазақстанға ресми сапары аясында кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ислам Кәрімовтің Қазақстанға ресми сапары аясында кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өтті

25.11.2014
Ислам Кәрімовтің Қазақстанға ресми сапары аясында кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өтті

«Әлемдік экономикадағы жағымсыз үрдістерге және негізгі өнім түрлеріне бағаның төмендегеніне қарамастан, елдеріміздің арасындағы тауар айналымы өсіп келеді. Бұл көрсеткіш 2013 жылы 2 миллиард доллардан асты, биылғы 9 айда да жақсы өсім байқалып отыр.

Елдеріміз экономикалық әлеуетін толық пайдаланып отырған жоқ деп санаймын. Тауарлар номенклатурасының аясы тар екендігін ескере отырып, үкіметаралық комиссия мен үкіметтеріміз сауда көлемін ұлғайту бағытында жұмыс істеу керек», - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев EXPO-2017 халықаралық көрмесін өткізу мәселесіне орай Өзбекстан Қазақстанның кандидатурасын қолдағаны үшін алғысын білдірді. 

«Біз көрме кешенінің құрылысын салуға кірістік, іс-шараны лайықты деңгейде өткізуге қажетті қаражат бөліп жатырмыз. Өзбекстан осы көрмеге қатысады деп үміттенеміз, ал, біздің ел бұған қажетті жағдай жасауға әзір», -деді Қазақстан Президенті.

Соңында Мемлекет басшысы келіссөздер өзара қарым-қатынастарды, соның ішінде сауда-экономика саласындағы байланыстарды нығайтуда маңызды рөл атқаратынына сенім білдірді.

И.Кәрімов өзінің бұл сапары екі мемлекет басшыларының былтырғы жылы Ташкентте өткен кездесуінің заңды жалғасы саналатынын айтты.

«Біз бұл сапарды көпқырлы өзбек-қазақ қатынастарының тұтас кешенін сыни тұрғыдан талдаудың, өңірлік және халықаралық сипаттағы өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасудың жақсы мүмкіндігі ретінде қарастырып отырмыз.

Стратегиялық серіктестік туралы мән-маңызы жағынан тарихи шарттың қабылдануы аса қажетті қадам болды. Осы құжатқа қол қойған кезде мен оған әсіресе әлемде түрлі үдерістер болып жатқан дәл бүгінгідей мән бере қоймағанымды айта кеткен жөн. Бүгінде ол аса өзекті болып отыр», - деді Өзбекстан президенті.

Ол стратегиялық серіктестік туралы шартқа қол қойылуы Қазақстан Президентінің саяси алғырлығы мен оның болашақты көре білуінің нәтижесі екендігіне тоқталды.

И.Кәрімов сондай-ақ, Өзбекстан Қазақстанның белсенді сыртқы саяси ұстанымы мен Нұрсұлтан Назарбаевтың өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға, елдің халықаралық аренадағы беделі мен рөлін көтеруге бағытталған бастамаларын қоштайтынын айтты.

«Біз бүгінгі келіссөздерде ұзақмерзімді стратегиялық және ұлттық басымдылықтарымыздың ұқсастығы мен мызғымастығына деген сенімді атап көрсеттік, алдымызда тұрған ауқымды мақсаттар мен міндеттерді келісіп, бірлесіп шешуге деген саяси ерік-жігер мен екіжақты ұстанымды растадық», - деді Өзбекстан президенті.

 akorda.kz

 

Хабарламаларға жазылу