Кездесу достық атмосферада өтті. Әділбек Жақсыбеков боксшыға табыс тілеп, оның елімізде спортты дәріптеуге қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Елорда басшысы Геннадий Головкиннің жеңістерімен халықаралық аренада республикамыздың және астанамыздың имиджін шетелдерде нығайтып жүргенін, сонымен қатар, өскелең ұрпаққа үлгі болып табылатынын айтты.
«Біз Астана қаласында келесі жылы жекпе-жек өткізуді талқыладық. Бастама қолдау табатынына сенемін, барлық қала тұрғындары үшін бұл үлкен сый болады. Кезекті рет елордаға келіп, қаланың қарқынды дамуына куәгер болу өте қуанышты сәт» - деді Геннадий Головкин.
Кездесу барысында Астана әкімі спортшыны футболдан 22 қарашада «Астана Арена» стадионында өтетін биылғы Қазақстан Респбликасы Кубогының ақтық жарысын көруге шақырды.
Геннадий Головкин - 2003 жылғы Әлем чемпионы және 2004 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері. WBA нұсқасы бойынша әлемнің суперчемпионы. Кәсіпқой бокста 31 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен, соның 28-ін нокаутпен аяқтады. Спортшы әлемдік деңгейде тамаша бокс көрсетіп, төрткүл дүниедегі жанкүйерлерін қуантып жүр. Әлемнің жетекші БАҚ-тары, Головкинді өз салмағында планетамыздың ең мықты боксшысы деп санайды.
Спорттық жетістіктерінен басқа Г.Головкин «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен, сонымен қатар, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Головкин соңғы кездесуін 2014 жылғы 18 қарашада мексикалық Марко Антонио Рубиомен өткізген. Отандасымыз 2-ші раундта қарсыласын нокаутқа жіберіп, жеңіске жеткен болатын.
Головкиннің келесі жекпе-жегі 2015 жылғы 21 ақпанда өтеді. Спортшы Мартином Мюрреймен (Ұлыбритания) күш сынасады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.