Теңгенің тарихы ҚР Президентінің 1993 жылдың 12 қарашасында қол қойған «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Заңынан бастау алады. Арада үш күн өткенде, 15 қарашада ел аумағындағы жаңа сауда-саттық жасау құралы ретінде төл теңге қолданысқа енді.
Ескі үлгідегі ақшаларды Қазақстанның жаңа теңгесіне айырбастау 20 қараша күні аяқталды. Айналымнан жалпы сомасы 950 миллиард рубль алынып тасталды. Ұлттық валюта ұлттық экономикамыздың іргетасын қалауға ықпал етті.
Халықаралық мамандардың пікірінше, теңге ТМД аумағындағы тұрақты валюталар қатарында. Негізі ұлттық валютаның дайындалуы аса құпия түрде болған. Алғашқыда 70 жылдан астам пайдаланып келген кеңестік ақша – рубльді қолдана бермек болғанбыз. Бірақ Ресей 15 одақтас республикалардың әрқайсысының өз ақшасы болсын деген талап қойды.
1991 жылы теңге дизайнын әзiрлейтiн мамандар тобы құрылды. Осы топқа кiрген Тимур Сүлейменов, Меңдiбай Әлi, Досбол Қасымов, Ағымсалы Дүзелханов пен Хайролла Ғабжәлел ұлттық валюта дизайнын әзiрлеуге кiрiстi. Ал тиынның дизайнын жасау Айрат Исмамбетов пен Виктор Ивженкоға тапсырылды.
Алғашқы теңгенi «Harrison&sons» компаниясы Англияда басып шығарды. Қазақтардың төл теңгені қағазға басып беру туралы тапсырысы компанияның әлемдік деңгейде атын шығаруға себеп болды. Теңгенің арқасында аталмыш компания Ұлыбритания ханымының Алтын белгісімен марапатталып, біздің ұлттық валютамыз Британия корольдігінің ең үздік экспорттық өнімі аталды.
Жер шарына атын шығарған теңгеге құрмет ретінде ағылшын компаниясының бас ғимаратында біздің ақшамыздың суреті салынған тақта ілінді. Содан айналымға енгізілген қағаз ақша түріндегі тиындар уақыт өте келе темір ақшаға айырбасталса, арада көп ұзамай, ұсақ ақшалар түгел темірге көшірілді.
Ұлттық валютамыз айналымға енгізілгенше ағылшындар мен Қазақ елінде болып жатқан оқиға туралы тірі жан білмеген. Лондоннан жеткізілгеннен кейін теңге 8 күннің ішінде еліміздегі барлық банкке түгел таратылды. Осылайша, ұлттық валютамыз отандастар қолына тиді.
Қажетті жабдықтар мен заманауи технология алынған соң, теңге өз елімізде шығатын болды. Бұл 1995 жылдың мамыр айы еді. Тұңғыш банкнот фабрикасын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі барып ашты.
Теңге туралы ой толғаған Елбасы кейінірек ақшаны дайындау барысында түрлі жайт болғанын айтты. Күллі қазақтың мақтанышына айналған тұңғыш теңгенің тұңғыш келбеті бүгінде музейлерде сақтаулы.
Оларда әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан, Абай және Әбілхайыр мен Абылай хандардың суреті болған. 90-шы жылдары біздің теңге дизайны жағынан ТМД-дағы ең көрікті ақша болып танылды. Майда ақшаларымыз да бар. Алғашқысы қағазға басылса, кейінгісі темірден түйілді.
Алайда, ол майда ақша кейіннен айналымнан шығып қалды. Теңгенің де кескіні өзгерді. 3 теңгелік номинал жоғалды. 1-ден 100 теңгеге дейінгі қағаз ақшамыз темір теңгеге айналды. Ал, құны 200, 500 және 1000 теңгелік ақшаларда әл-Фараби бабамыз ғана бейнеленді.
Ақшаны айналымға енгізбес бұрын оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды болатыны айқын. Өйткені, оңай жолмен «жеңіл» пайда тапқысы келетіндер кез келген валютаны қолдан жасауға тырысады. Сондықтан, кез келген мемлекет ақшаның дизайны мен қорғаныш сызықтарын күшейтуге мүдделі.
Арада бір мүшел өткенде, яғни, 2006 жылы теңге өзгеріске ұшырады. Ондағы суреттер алынып тасталып, яғни, қорғанышын бекіте түсті. Себебі, жасанды ақшада қара дақтар пайда болатындықтан, ақшаның көшірмесін жасауға құштар алаяқтардың арманы іске аспайтыны белгілі. Содан кейін 2, 5 және 10 мың теңгелік банкноттар да пайда болды. Бұл теңгелер де дизайнымен көзге түсіп, талай халықаралық байқауда жеңімпаз атанды.
Бүгінгі теңге тұтастай Қазақстан мен оның барша азаматтарының дербес тіршілігінің, мемлекет тәуелсіздігінің айғағы болып отыр. Ұлттық ақша осы жылдар ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен түрлі қаржы дағдарысына төтеп беріп қана қоймай, жұртшылық тарапынан инвестициялық сенімге де ие болды.