Жанқош Тұраров WBA-ның жаңа тұжырымы бойынша жекпе-жек өткізбек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жанқош Тұраров WBA-ның жаңа тұжырымы бойынша жекпе-жек өткізбек

07.11.2014
Жанқош Тұраров WBA-ның жаңа тұжырымы бойынша жекпе-жек өткізбек

Кәсіпқой бокстан Дүниежүзілік бокс қауымдастығы Кариб теңізі аймағы тұжырымының (WBA-Fedeсaribe) иегері алдағы күндері АҚШ-та жол тартпақ.

«Жақында АҚШ-қа жол жүремін. Промоутерлік компания екі жекпе-жек ұйымдастырмақ. Бұл жаңа тұжырым аясында өтуі мүмкін. Әзірге, қай тұжырым екені нақты белгісіз. Алдымен, бір ай жаттығу өткізіп, жылдың соңына дейін жекпе-жекке шығамын. Ал, екінші жекпе-жек 2015 жылдың басында өтеді деген жоспар бар», - дейді ол.

Айта кетейік, Жанқош Тұраров кәсіпқой боксқа 2009 жылы келді. Шаршы алаңда 16 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. 11 жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады. Ол 2013 жылы Доминикан Республикасының боксшысы Абрахам Перальтаны жеңіп, WBA-Fedecaribe белдігіне ие болды. Ал, биыл тек бір жекпе-жек өткізіп, чемпиондық атағын сәтті қорғады.

«Өткен жылы кәсіпқой шаршы алаңда 8 жекпе-жек өткіздім. Ал, биыл чемпиондық атағымды қорғап шықтым. Сол себепті промоутерім демалыс берді. Дегенмен, жаттығуды үзген жоқпын», - дейді Жанқош Тұраров.

Біздің анықтама:

Жанқош Тұраров

1990 жылы 20 қарашада дүниеге келген

Салмағы - 63.5 (Бірінші жеңіл салмақ)

Бапкері – Асқар Тұрлынов

Промоутер – Нельсон Лопес

Атағы -  WBA-Fedecaribe белдігінің иегері

Хабарламаларға жазылу