Қызылордада шыны зауытының құрылысы қарашада басталады. Бұл туралы бүгiн Астанада Орталық коммуникациялар қызметiнде өтiп жатқан брифингте Қызылорда облысының әкiмi Қырымбек Көшербаев мәлiм еттi.
"Қызылорда облысында шыны зауыты салынады дегелi бiраз уақыттың өткенi белгiлi. Бұл жобаның жанында талай тұсаукесерлер болды. Биыл зауыт құрылысы басталады. Жобаны жүзеге асыру оңай болды деп айта алмаймын. Бiрақ барлық қаржылық мәселелер шешiлдi. Жақын арада, жаңа жылға дейiн құрылысын бастаймыз деп отырмыз", - деп атап өттi өңiр басшысы.
Бүгінде Қазақстан тұрмысқа қажетті шыныларды (шыны табақшаларын) Қытай, Ресей, Қырғыз Республикасы және Түркиядан сатып алып отыр. Облыс әкiмiнiң айтуынша, бұл жоба жүзеге асқан жағдайда жылына 200 мың тонна шыны шығарылады. Осы арқылы ішкі қажеттіліктің 70 пайызын өтеледі, ал қалған 30 пайызы Орталық Азия елдеріне экспортталады.