Мемлекет басшысы ТМД елдері қауіпсіздік органдарының басшыларымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы ТМД елдері қауіпсіздік органдарының басшыларымен кездесті

05.11.2014
Мемлекет басшысы ТМД елдері қауіпсіздік органдарының басшыларымен кездесті

Елбасы ТМД-ға қатысушы мемлекеттер қауіпсіздік органдары мен арнаулы қызметтері басшылары кеңесінің 37-отырысына қатысушылармен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Бұл отырыста қауіпсіздік органдары мен арнаулы қызметтердің ТМД кеңістігіндегі, соның ішінде лаңкестікке және экстремизмге қарсы тұру саласындағы өзара іс-қимылын күшейту мәселелері қаралды.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы аталған органдардың қазіргі жағдайдағы қызметінің маңыздылығына тоқталды.

«Біз жаңа сын-қатерлерді, лаңкестік ұйымдардың белсенді бола түскенін көріп отырмыз. Мұндай жағдайда ұлттық қауіпсіздік органдары мен арнаулы қызметтердің жұмысын үйлестіру өте маңызды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті қауіпсіздік мәселесі Кеден одағының жұмысы жағдайында ерекше өзекті болып отырғанын айтты.

«Шекаралар ашылды, құқықбұзушылар елдер аумағында емін-еркін жүре алады. Осыған байланысты сіздердің бірлескен жұмыстарыңыз, бір-біріңізге көрсететін ілкімді ақпараттық қолдау баға жетпес мәнге ие», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев барлық азаматтың құқықтарын сақтау, орнықты әлеуметтік-экономикалық даму қауіпсіз әрі тұрақты қоғамның іргетасы саналатынына назар аударды.

«Біз қазір әлемдік экономикадағы қиындықтар мен Украинадағы ахуал төңірегіндегі оқиғаларға байланысты жаңа сын-қатерлер таяп келе жатқанын сезіп отырмыз. Осыған байланысты мемлекеттерге бірінші кезекте ішкі сипаттағы шаралар қабылдау қажет.

Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 5 жылда 800-ден астам кәсіпорын құрылды, көп жұмыс орындары ашылды. Осының бәрі мұнайға, газға және басқа да ресурстарға тәуелділікті азайта отырып, экономикалық оң ықпалын тигізуде. Келесі бесжылдықта біздің еліміз инновациялық дамуға ден қоятын болады», – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының айтуынша, инфрақұрылымдарды әрі қарай дамыту да басымдыққа ие болады.

«Біздің еліміздің аумағы кең, сондықтан, инфрақұрылымдарға, автокөлік және теміржолдар, көпірлер мен өткелдер салуға зор көңіл бөлінуде. Атап айтсақ, Астанадан барлық бағытта мың шақырым жаңа автокөлік жолдарын салу жоспарлануда. Бұл жұмыс орындарын ашып, экономиканың жоғары қарқынын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қауіпсіздік органдары мен арнаулы қызметтері басшылары кеңесінің 37-отырысына қатысушыларға жемісті жұмыс тіледі. 

Хабарламаларға жазылу