7 қарашада Ақтөбе қаласында II халықаралық инвестициялық форум өтеді. «AKTOBE INVEST-2014» аймақтағы экономиканың нақты секторына инвесторларды тарту үшін өткізіліп отыр.
Іскерлік бағдарлама шеңберінде облыстың инвестициялық қарқынына арналған көрме ұйымдастырылады. Көрмеде 40-тан астам жоба таныстырылмақ. Оларды жүзеге асыру 14,7 мың жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік береді. Инвестицияның жалпы көлемі 4,9 миллиард АҚШ долларына бағаланып отыр.
Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының жетекшісі Марат Балмұхановтың айтуынша, өнеркәсіптің қайта өңдеу саласында 23 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл - жаңа ферроқорытпа зауытының құрылысы, электрлі болат балқыту кешені, катодты мыс өндірісі мен мыс кенін қайта өңдеу кешені, теміржолды бұрушы құрылғыларды шығару зауытын іске қосу, Жыланды кен орнының базасында калий-минералды тыңайтқыштар өндірісінің кәсіпорны және басқалары.
Форумда пленарлық отырыс өтеді. Панельдік сессияға қатысушылар «ҚР-дағы инновация» тақырыбын талқылайды.
Сонымен қатар, болашағы зор 14 инвестициялық жоба бойынша меморандумға қол қойылады. Олар – «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы тазартылған феррохромның ескірген қоқысын қайта өңдеу, «Aktobe Steel Production» ЖШС-нің Көкбұлақ темір кенішіндегі тау-металлургиялық комбинатының құрылысы, «БИПЕК АВТО Қазақстан» ЖШС автокөліктеріне қызмет көрсету үшін техникалық орталық құру және «SB Сapital» ЖШС-ның жел электрстанциясының құрылысын бастау, деп хабарлайды облыстың әкімдіктің баспасөз қызметі.
Фото: mgorod.kz