«Таңшолпанда» байқаулар шеруі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таңшолпанда» байқаулар шеруі

04.11.2014
«Таңшолпанда» байқаулар шеруі

«Таңшолпан» бағдарламасы көрермендеріне арнап бірнеше байқау жариялады. Олардың алғашқысы  - «Жырлаймын туған елімді» жыр байқауы.  17 қараша мен 17 желтоқсан аралығында өтетін жыр додасына  18 жастан асқан қаламы қарымды, өлеңі талапқа сай көрермен қатыса алады.

Сайыстың  мақсаты – өскелең ұрпақтың туған жерге, туған елге деген сүйіспеншілігін  арттырып, құрметін күшейту. Тәуелсіз еліміздің ертеңі мен бүгінін зерделеп, жырмен кестелеген болсаңыз, қалыс қалмаңыз. Байқау жеңімпазы «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының бағалы сыйлығымен марапатталады.

Қосымша ақпарат үшін мына байланыс телефондарына хабарласуыңызға болады: 8 (7172) 55-38-18, 55-38-16, 8 (7273) 93-22-31

Таңғы бағдарламаның келесі сайысы «Таңшолпан» бағдарламасы мен ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырып отырған - «Дарабоз дәстүр» атты жастар арасындағы жыр мүшәйрасы.

Сайысқа жасы 35-ке дейінгі жазба ақындар қатыса алады. Үміткер мүшәйраға ұлттық спорттың кез келген түрін сипаттаған, яғни, бәйге, аударыспақ, көкпар, теңге ілу, қыз қуу, жамбы ату, асық ату, тоғызқұмалақ секілді ұлттық ойындарды насихаттаған, бұрын еш жерде жарияланбаған жырларын ұсынуы тиіс.

Байқау жеңімпаздарын ұлықтау рәсімі - Тәуелсіздік күні қарсаңында 2014 жылғы ұлттық спорттың үздіктерін марапаттауға арналған «Алтын тұғыр» шарасында өткізіледі. Бұл байқаудан да шет қалмай, сайыста өз бағыңызды сынап көріңіз.

Ал, «Кім жылдам, кім тапқыр?» викториналық байқауы «Таңшолпан» бағдарламасының күнделікті эфирінде өтеді.  Бұл байқаудың басты шарты: тікелей эфирге хабарласып, күн сауалына жауап беру.

Бір апта ішінде көп сұраққа дұрыс жауап берген көрермен апта соңында жеңімпаз атанып, бағалы сыйлыққа ие болады.

Тікелей эфир телефондары: 8 (7172) 55-31-94, 8 (7272) 61-55-05   

Хабарламаларға жазылу