Павлодар қаласындағы облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітіне жергілікті халық көненің көзіндей болған, ата-бабалары тұтынып келген әртүрлі жылдары баспадан шыққан Құран кітаптарын сыйға тартуда.
Бүгінде «Мәшһүр Жүсіп» мешіті ашылғалы бергі 13 жыл ішінде жиналған көне Құран кітаптарының саны жиырмадан асты, деп хабарлайды muftiyat.kz.
Мәселен, Ермек Мерзетхат атты жас намазхан әкелген «Құран» кітабы 1853 жылы Қазан баспасынан шыққан болса, Қарагөз Кәрімжанова әжейдің мешітке әкелеген «Құран» кітаптары 1883, 1886 жылдары Меккеде баспадан шығыпты.
Сондай-ақ, Мекке баспаханасынан шыққан «Құран», «Ақида», «Фикһ», «Философия» және «Жабайы үлкен аңдар туралы» анықтамалық энциклопедия (имам Самарқандидің «Тәнбиһул Ғафилийн», «Бүстәнүл Ғарифийн» және Кәмәлүддин әд-Дәмиридің «Хаятүл Хаиуанатүл-Күбра») кітаптары да бар.
Бір қызығы, мұнда Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының жалпы білім беру орта мектебінің 2-сынып оқушыларына арнап жазған «Есеп құралы» оқулығы да бар. Оқулық 1925 жылы Орынбор баспасынан шыққан.
«Алдағы уақытта «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің кітапханасына мешіт ғимараты ішінен сыйымдылығы үлкен арнайы орын босатылуда. Мешіт кітапханасын «Рухани орталық» ретінде қайта жабдықтап, арнайы мәдени, рухани іс-шаралармен қатар оқу-ағарту, уағыз-насихат жұмыстарын білікті дінтанушылар, имамдардың қатысуымен сол орталық арқылы ұйымдастырып тұру ісін қолға аламыз. Сонымен қатар, бұл орталықты «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарыққа шыққан халқымыздың барлық рухани мұрасымен толық қамтуды көздеп отырмыз»,-дейді ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Нариман Ермекұлы.
Фото: muftiyat.kz