Елші Аурелия Бушез: Еуроодақ «Балаларға - әділет» бағдарламасы аясында Қазақстанға 2,4 млн. еуро бөлді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елші Аурелия Бушез: Еуроодақ «Балаларға - әділет» бағдарламасы аясында Қазақстанға 2,4 млн. еуро бөлді

31.10.2014
Елші Аурелия Бушез: Еуроодақ «Балаларға - әділет» бағдарламасы аясында Қазақстанға 2,4 млн. еуро бөлді

Еуроодақ «Балаларға - әділет» бағдарламасы аясында Қазақстанға 2,4 млн. еуро бөлді. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан «Қазақстанда балаларға және олардың құқықтарын қорғауға арналған әділ сот жүйесін нығайту» атты конференцияда Қазақстандағы Еуроодақ өкілдігінің басшысы, Елші Аурелия Бушез айтты.

«Мен бүгін «Балаларға - әділдік» бағдарламасының басталғанын қуана айтқым келеді. Бұл ЮНИСЕФ пен Еуропалық одақтың бірлескен бағдарламасы. Осы бағдарламаның жүзеге асқанын асыға күтудеміз», - деп атап өтті ол.

Елшінің айтуынша, бағдарлама 3 жылға арналған.

«Бағдарламаны Еуропалық одақ қаржыландырады. Бюджеті 2,4 млн. еуроны құрап отыр. Бағдарлама толықтай Қазақстан Республикасының Үкіметімен келісіле отырып, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында жүзеге асырылатын болады. Біз осы үш облысты әдейі таңдап алдық. Бағдарлама балаларға арналған әділ сот жүйесін жақсартуға арналып, БҰҰ-ның балалар құқығы жөніндегі конвенциясының Қазақстанда одан әрі қанат жаюына ықпал етеді», - деді А. Бушез.

Оның мәліметінше, жоғарыда аталған еліміздің үш өңірінде бүгінде балаларға қатысты бірқатар мәселелер бар.

«Біз барлық өңірлердің көрсеткіштерін зерттедік. Шығыс Қазақстан облысымен біз бұрыннан бері әріптестік қарым-қатынастамыз, енді міне Қызылорда мен Маңғыстау облыстары да бізбен бірге жұмыс істеуге келісім берді», - деп толықтырды Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі Джун Кукита.

ҚазАқпарат

Хабарламаларға жазылу