2014 жылғы 23 қазанда «Қазақстан Республикасы азаматы төлқұжатының, ҚР азаматы жеке куәлігінің, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхаттың, азаматтығы жоқ адамның куәлігінің, босқын куәлігінің үлгілерін және оларды қорғауға қойылатын талаптарды бекіту туралы» ҚР Үкіметінің Қаулысымен Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің үлгісі бекітіліп, 2014 жылғы 1 желтоқсаннан бастап жаңа үлгідегі жеке куәліктердің шығарылуы жоспарланды.
Жаңа куәліктің дизайны өзгертіліп, қара-ақ түстегі фотосурет түрлі-түсті фотосуретке алмастырылды. Сондай-ақ, құжаттың түс гаммасы және ашықтығы өзгерді.
Жалған құжат жасаудың алдын алу үшін жаңа элементтермен толықтырылған.
Жеке куәліктің беткі жағының оң жақ тұсында кішірейтілген түрде құжат иесінің голографиялық суреті орналасқан.
Қаулы бойынша ескі үлгідегі жеке куәліктер олардың қолданыс мерзімі аяқталған уақыта дейін жарамды саналады.
Жаңа куәліктерді ауыстыру азаматтардың қалауы бойынша жүзеге асырылатын болады.
Жаңа жеке куәлікті беру үшін мемлекетке төленетін салық бұрынғыдай айлық есептік көрсеткіштің 20 пайызы көлемінде. Қазіргі уақытта ол 370,4 теңгені құрайды.