Нью-Йоркта «Мәңгі даланың үні» атты көрме ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нью-Йоркта «Мәңгі даланың үні» атты көрме ашылды

27.10.2014
Нью-Йоркта «Мәңгі даланың үні» атты көрме ашылды

Нью-Йоркта «Мәңгі даланың үні» атты көрме ашылып, оның аясында белгілі қазақстандық және америкалық суретшілердің жұмыстары қойылды, деп хабарлайды СІМ ресми сайты.

Қазақстандық суретшілердің жұмыстары уақыт өткен сайын белгілі болып келе жатыр. Осы орайда, осы жылы ақпан айында өткен «Лирическое отступление» халықаралық байқауында «Реализм» номинациясы бойынша отандасымыз Талғат Тілеуженовқа жоғары баға берілгенін атап өткен жөн.

«Мәңгі даланың үні» атты көрме шеңберінде Талғат Тілеужановтың суреттерімен қатар Бахытнұр Бүрдеспеков, Досбол Қасымов, Ербол Хамиров, Мейіржан Нұрғожин секілді белгілі суретшілердің, сондай-ақ бірегей мүсінші Асқар Нартовтың жұмыстары қойылды.

Аталған жұмыстар Нью-Йорктың атмосферасына қазақ мәдениетінің рухын енгізіп, америкалық қоғамның шынайы қызығушылығына ие болды.

Көрмеде Адам Кросс, Коллин Блэкард, Джанет Кук, Лейла Элиас, Микл Приттимен мен Пит Дайдрич секілді американдық суретшілердің қазақстандық тақырыпқа қойылған жұмыстары қосымша әсер алуға септігін тигізді.

Көрме ұйымдастырушысы, қазір АҚШ-та тұратын Берік Күлмамиров Америкада біздің өнерге деген және жалпы Қазақстанға деген қызығушылықты байқап, көрме ұйымдастыру туралы ой келгенін айтты. Бұл оның осындай іс-шаралар ұйымдастырудағы бірінші жобасы емес. Сонымен бірге, ол өзінің суреттерін АҚШ-тың түрлі галереяларында қойып келеді. «Мәңгі дала үні» жобасында да оның екі суреті қойылды.

Суретшілер 23 қазан күні Қазақстан Республикасының Бас консулдығында өткен қазақстандық диаспора өкілдерімен кездесуінде оларды бірегей туындылар жасап шығаруға шабыттандыратын тәжірибе мен түрткі болатын жайттармен бөлісті.

Көрме Нью-Йоркта қазан айының соңына дейін жалғасатын болады. Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінің қолдауымен көрме 27-31 қазан аралығында БҰҰ ғимаратында қойылатын болады.

Хабарламаларға жазылу