Мемлекет басшысы бүгінде көптеген елдер әлемдік экономикадағы қиындықтарға байланысты үлкен сын-қатерлерге кезігіп отырғанына тоқталды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
– Тұрақсыздықтың ушығуына Украинадағы ахуал мен Ресей және Еуропа елдері арасындағы өзара санкциялар да ықпал етуде. Ресей – біздің стратегиялық серіктесіміз, тығыз байланыс орнатқан жақын көршіміз. Егер Ресей экономикасындағы ахуал нашарлайтын болса, ол жанама түрде бізге де әсер етеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті аталған үрдістердің алдын алу үшін қажетті мүмкіндіктің бәрі бар екенін және Үкімет тиісті жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.
– Үкімет биылғы жылдың бюджетін қайта қарау жөнінде ұсыныс енгізді, өйткені мұнай мен металдың, сондай-ақ, Қазақстан экспортының өзге де өнімдеріне бағаның төмендеуі түсімдердің азаюына әкеледі. Бұл ретте барлық еңбекақылар, әлеуметтік төлемдер қазіргі деңгейінде қамтамасыз етілуі тиіс, – деді Мемлекет басшысы.