Бердібек Соқпақбаевтың 90 жылдық мерейтойы жыл басынан бері елдің түкпір-түкпірінде тойлануда. Ал, «Ан-арыс» баспасы жазушының екі томдық кітабын жарыққа шығарыпты. Осыған орай ақын Кәдірбек Құныпияұлы «Таңшолпанда» қонақта болды.
«Жыл басында Жазушылар одағында жазушының мерейтойына орай не істелуі керектігі белгіленіп, шығармаларын бастыру туралы да сөз болған еді. Алматы облыстық әкімшілігі жыл басында Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларына тендер жариялады. Оған біздің «Ан-арыс» баспасы да қатысты.
Бір қызығы, біз бұрын «Алтын қалам» деген сериямен қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларын басқан болатынбыз. Барлығы 32 том жарыққа шыққан. Соның ішінде Бекеңнің «Өлгендер қайтып келмейдісі» де шығып, тез тарап кетті.
Тендердің шарты бойынша туындылардың электронды нұсқасы болуы керек-ті. Ол нұсқа бізде болғандықтан, біздің баспа жеңіп шықты. Бір өкініштісі, тек екі том ғана шығара алдық. Бұл томдықтарға «Өлгендер қайтып келмейді», «Менің атым – Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Жекпе-жек» шығармалары және бір топ әңгімелері қамтылды»,-дейді Кәдірбек Құныпияұлы.
«Рымғали Нұрғалиев пен Баққожа Мұқайдың Бекең туралы естеліктерін кітапқа алғысөз ретінде енгіздік. Ал, жалпы, есептеп қарасақ, Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары 4 томға жеткендей екен».
«Бұл кісінің алғашында шығармашылығын өлеңмен бастағанын қалың оқырман біледі. Қасым Аманжоловтың алғысөзімен «Бұлақ» деген өлеңдер кітабы да жарық көрген. Кейін жазушы өлең жазуды қойып кетті, деседі жұрт. Бірақ, көзкөрген замандастарының естеліктеріне сүйенсек, бұл кісі өмірінің соңына дейін қалжың өлеңдер жазып жүрген. Солардың бәрін жинақтаса, тіпті 5 томға дейін апаруға болады»,-дейді ақын.
Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көріңіз.