Астананың Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері сөйлеу қабілеті төмен жандардың жағдайын ескере отырып, құжат рәсімдеуге көмектеседі.
Астанада құлағының мүкісі бар 1002 адам тұрады. Олардың театр, кітапхана, мұражай мен басқа да мәдени орындарға еркін барып демалуларына мүмкіндік туғызу мақсатында арнайы мамандар даярлануда, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Мәдени ошақтардың қызметкерлері «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы аясында сурдоаудармашы курсына қатысып жүр.
Екі айдан кейін 12 қызметкер мемлекеттік үлгідегі куәлік алады.
«Қазіргі таңда бізге Мәдениет басқармасынан сурдоаудармашыға арналған курста оқыту үшін ұсыныстар түсіп жатыр. Біз мүмкіндігі шектеулі жандардың мәдени орындарда қағажу көрмеуі үшін арнайы курстар ұйымдастырдық», дейді Жұмыспен қамту орталығы Кәсіптік бағдар беру бөлімі басшысының орынбасары Азамат Байтасов.