Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры ұжымы қазан айының 15-18 күндері Қостанай облысына гастрольдік сапармен барып қайтты.
Гастроль барысында Қостанай жұртшылығына театр репертуарындағы Б.Соқпақбаевтың «...Көзіме бір көрінсең бала ғашық...», Н.Гогольдің «Ревизор», Т.Миннуллиннің «Диляфруздың төрт күйеуі», С.Дүйсенбиевтің «Махаббат миниатюралары» театрландырылған концерттік бағдарламасын ұсынды.
Спектакльдердің қоюшы режиссері – театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай. Сондай-ақ, шара аясында балаларға арналған Ю.Алесиннің «Золушка» ертегісі де (реж. Б.Құсанбаев) кішкентай бүлдіршіндерге арналып сахналанды.
Труппа жетекшісі Мұхтархан Манап гастрольден кейінгі әсерімен былайша бөлісті: «Гастролдік сапарымыз өте сәтті өтті. Актерлер ерекше шабытпен ойнады. Көрерменнің ықыласы ерекше болды. Спектакльден соң актерлерді сахнаның сыртында күтіп тұрып, арнайы жолығып, қолтаңба алған, иіліп алғысын білдірген қауымда шек болмады».