Атажұртқа Қытай елінен оралған Асылхан Бәген қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы турасында алты бірдей фотоальбом жарыққа шығарған фотограф. Таяуда «Қазақтың көшпелілік мәдениеті» атты тағы бір көлемді еңбегі жарық көрді.
«Асылханды мен бұрын білмейтін едім. Ол – үлкен кәсіпқой, мықты фотожурналист екен. Көшпелілер мәдениеті туралы атамекенде тұрып біз ойланбаппыз»,-дейді ардагер фотожурналист Нұрғожа Жұбанов.
Ал, әріптесі Нұрманбет Қизатұлы: «Бұл – көзге көрінгенді тізіп, жинақ шығарып қана қойған жоқ, ол – қазақтың салт-дәстүріне соншалықты ғашық екенін дәлелдей білген. Сурет дегеннің де киесі бар. Оның да адамға әсері болады. Сол жағынан ол дәлелдей алған»,-дейді.
«Фотоальбомға Қытай жеріндегі қазақтардың тұрмыс-тіршілігі мен осы Қазақ жеріндеі дәстүр көріністері енген. Кейбір материал Моңғолияның баспаларынан алынды. Сондай-ақ, Германия, Франция, Түркия жеріндегі көшпелілер туралы материалдар енгізілді. Қолымнан келгенше, әлем елдеріндегі көшпелілер тарихына қатысты дүниелерге таныстарым арқылы қол жеткіздім. Қазақстанның, Қытайдың фотографтарының еңбектері де осы кітаптың ішінде бар»,-дейді Асылхан Бәген.
Толығырақ «Таңшолпаннан» көріңіз.