Павлодар қаласының сұлулары «Мисс Павлодар-2014» байқауында бақтарын сынады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Естай атындағы мәдениет сарайында өткен шараға «Райса» сән театры мұрындық болды. Биыл 18 жыл қатарынан ұйымдастырылған шараны ойдағыдай өткізуге облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма атсалысқан.
Бойжеткендер өздерін таныстырып, шығармашылық шеберліктерін ортаға салды. Қыздар қауымы би билеп, халқымыздың «Қыз ұзату» салт-дәстүрін сахналады. Сонымен қатар, қазақ ұлттық киімдері үлгілерін паш етіп, әдемі жүру мәнерін көрсетті. Көрермендер назарына алматылық дизайнердің киізден тігілген Aigulline киімдер үлгілері ұсынылды.
Инабатты қыздар өнер көрсеткен байқауда «Ромат» ЖШС-ның сауда жөніндегі менеджері 26 жасар Әлия Сексембева жеңімпаз атанды. Жалпы байқауда 11 ару бақ сынады. Айта кетерлігі, «Мисс Павлодар-2014» атағына ие болуға үміткер атанғандардың ең кішісі небары –15 жаста.
«Мисс Павлодар» атануға бақ сынаған қыздармен достасып қалдым. Байқау қызықты сәттерге толы болды. Әсіресе, дайындық жұмыстары естен кетпес. Сұлулық ханшайымы атану – өмірімдегі зор жетістік. Әлі күнге дейін сене алмай тұрмын. Туған-туысқандарым мен достарым қуанышыма ортақтасып, құттықтауда», - дейді жеңімпаз.
Қазылар алқасының шешімімен 11 арудың төртеуі ғана жеңіс тұғырынан көрінді. «Мисс Павлодар» атағына ие болған Ә. Сексембаеваға жеңімпаз тәжі ұсынылды. Бірінші вице-мисс атағына Әмина Қожаминова ие болса, ал Диана Изимова екінші вице-мисс атанды. Ал, үшінші орын Сәния Сексембаеваға бұйырды.