14 қазан күні Орталық коммуникациялар қызметінің Алматы қаласындағы филиалында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс банкі» АҚ-да қызмет көрсету сапасын жақсарту және клиенттер үшін кедергілерді азайту тақырыбында брифинг өтті.
Шараға «Қазақстан тұрғын үй құрылыс банкі» АҚ Басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов, Басқарма төрағасының орынбасары Ербол Қарашөкеев, басқарушы директоры Ерұлан Жамаубаев қатысты.
Брифинг барысында тұрғын үй заемын беру уақыты бес есе азайғаны туралы айтылды.
«Егер бұрын бұл үрдіс ең аз дегенде 22 күнде іске асырылатын болса, қазір несие комитетінің шешімі 1-2 күн ішінде шығарылады. Енді заем беру мерзімінің өзін 1-2 күнге дейін қысқартып, өтініш қабылдау мен ақша беру үрдісін сапаға зияны тимейтіндей жағдайда 3 күнге дейін түсіруді жоспарлап отырмыз», - деді Басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов.
Сондай-ақ, енді үй кезегі мәселесі автоматтандыру жолымен шешілетін болады. Бұл туралы брифинг барысында сөз алған Басқарма төрағасының орынбасары Ербол Қарашөкеев мәлімдеді.
«Барлық процедураларды оңайлатып, автоматтандырғаннан кейін біздің банкте қазір тұрғын үй алушылардың кезегі жоқ. Егер өткен жылдың қыркүйек айында 9 мың клиентке қызмет көрсетсек, биылғы қыркүйек айында банктің барлық филиалдары мен орталық аппаратында 19 мың клиентке қызмет көрсеттік» - деді ол.
Басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұловтың айтуынша, жас отбасылармен тұрғын үй келісімшартын жасау жөніндегі шешім де күнбе-күн қабылданатын болады.