Көкшетауда онкологиялық емхана салынбақ. Бұл туралы Ақмола облысы әкімі Сергей Кулагин өңірдің денсаулық сақтау нысандарын аралау барысында мәлімдеді, деп хабарлайды strategy2050.kz.
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, медициналық мекеме құрылысы 2015 жылы басталмақ. Емхана тәулігіне 150 адамды қабылдай алады.
Өңір басшысының барған бірінші нысаны облыстық ауруханадағы жүрек орталығы болды. Мұнда ол ангиографиялық кабинет, кардио-реанимациялық және кардио-реабилитациялық бөлімдердің жұмысымен танысты. Бұл орталықта жыл сайын жүрекке 1000-нан астам күрделі ота жасалады. Денсаулық сақтау орындарын аралай жүріп облыс әкімі аурухана науқастарымен әңгімелесіп, дәрігерлермен жүздесті. Кездесуде облыс әкімі дәрігерлердің шетелдерде тағылымдамадан өтудің маңыздылығын айтып, Денсаулық сақтау басқармасы басшысына дәрігерлерді шетелдерге тағылымдамаға жіберуге қаржы қарастыруды тапсырды.
Сонымен қатар, әкім бүгінде күрделі жөндеуді талап ететін бес қабатты ревмотологиялық корпусқа барды. Қазіргі таңда осы мақсатта 270 млн теңгелік жобалау-сметалық құжаттамасы дайын. Жөндеу жұмыстары келер жылы басталмақ.
Хабарламада айтылғандай, өңір басшысы медицина қызметкерлеріне арналған 18 пәтерлі екі үйдің құрылысын да көзбен көрді. Биыл басталған құрылыс жыл соңына дейін бітіп қалуы тиіс. Әкім құрылысты сапалы жүргізіп, дер кезінде тапсыруды қатаң ескертті.