Бүгін Астанадағы Мемлекеттік мұрағатта ҚР Ұлттық мұрағатының бас директоры Марат Әпсеметовпен кездесу өтті. Шара ақын, жазушы, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 120 жылдығына арналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бірде Алматыдағы мұрағатқа барып, «Сәкеннің қандай материалдары бар?» деп сұрадым. Сөйтсем, онда С.Сейфуллин халық комиссары болған кездегі барлық құжат сақталыпты. Ол ашылмаған, ешкім зерттемеген де. Сейділ Талжанов, Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлиндер ғана қарап шығыпты. Осыдан кейін Орынборға барсам, ол жақта да Сәкенге қатысты құжаттар толып тұр. Жиналған құжаттар негізінде орыс тілінде «Сакен Сейфуллин - Председатель народных комиссаров Казахстана (г. Оренбург, 1922-1924 гг.)» деген кітапты 2-3 айдың ішінде жазып шықтым. Оны қазақша да жазып шығар едім, бірақ негізгі материалдар, халық комиссариатының барлық құжаты, Ленинмен жазысқан хаттары орыс тілінде жазылған», - деді М.Әпсеметов.
Сондай-ақ, оның айтуынша, Грекияның ұлттық мұрағатынан да С.Сейфуллиннің 30-шы жылдары латын қарпімен жазған материалдары табылған.
М.Әпсеметов 1922 жылы Орынбор қаласы зауыт, көпір салуға халық комиссариатынан қаржы сұрағанын, алайда С.Сейфуллин ең бірінші кезекте қаржыны Қожа Ахмет Яссауи кесенесін жөндеуге бөлдіргенін атап өтті.
«Жалпы, С.Сейфуллиннің еңбектерін экономикадан, құқықтанудан сала-салаға бөліп, кітап қылып шығаруға болады», - деді ҚР Ұлттық мұрағатының басшысы.