Жамбыл облысының 75 жылдығына орай түрлі шара өткізуге дайындық жүріп жатыр. Бұл туралы аймақ басшысының баспасөз қызметі хабарлады. Мерейтойды атап өту аясында II халықаралық «Азия елі» байқауы өтті. Алдағы уақытта «Кел, еркем, Алатауыңа!» атты Нұрғиса Тілендиев атындағы әншілер мен күйшілер конкурсы өткізілмек.
Сонымен қатар, Тараз қаласында Ықылас Дүкенұлы атындағы «Жез киік» III республикалық қобызшылар конкурсы және облыс эстрада жұлдыздарының «Туған жерге тағзым!» атты Гала-концерті өтеді.
Аймақта Мэлс Өзбеков атындағы республикалық этномузыка фестивалі де ұйымдастырылмақшы. Тағы бір айта кететін жайт, Жамбыл облысының 75 жылдық мерейтойы аясында аймақтан шыққан жазушылар мен композиторлардың кітабы мен CD-дискісі жарыққа шықпақ.
Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ақын-сазгер Болатбек Әбішевтің шығармашылығына арналған «Өмірді терең ұғына білген ақын» атты ақынмен кездесу кешін ұйымдастырды. Ондағы мақсат – жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттау.
Сонымен қатар, осы кітапханада жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Т.Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қуандық Шолақпен «Қарымды қаламгер, суреткер ақын» атты кездесу кеші өтті.
Ал Мойынқұм аудандық кітапханасы облыстың мерейтойына орай «Тарихы терең, тағылымы мол өлке» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Сондай-ақ, аймақта «Отбасым – тірегім, Отаным – жүрегім» атты ақындар айтысы, мәдениет күндері, «Қолөнер – халық қазынасы» атты облыстық көрме, Қаратау төрінде ІІ-ші Халықаралық «Қаратау сарыны – 2014» атты дәстүрлі музыка фестивалі өтті.