ҚР Үкіметінің «Ұлттық пантеонның кейбір мәселелері туралы» қаулысы қабылданды. Бұған дейін Астана қаласының әкімдігі «Ұлттық пантеон» объектісін құру туралы бастама көтерген болатын.
ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов әкімдіктің ұсынысын қолдап, объектінің орналасатын жерін анықтауды, сондай-ақ «Ұлттық пантеон» жобасын іске асыру бойынша өзге де қажетті шараларды қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды елорданың ресми сайты.
Астанада ҚР Ұлттық пантонының үздік эскиз-идеялары таныстырылды. Байқауға қатысу үшін 7 компания, соның ішінде осы сияқты нысандарды жобалауда тәжірибесі бар 3 шетелдік (АҚШ, Италия, Иран) және 4 қазақстандық компания шақырылды. Атап айтқанда, «KAZGOR» ЖШС, Қазақстан сәулетшілер одағы, Қазақстан дизайнерлер одағы, «Астана қаласы бас жоспарының ҒЗЖИ» ЖШС.
Әр компания өзінің эскиз-идеяларын ұсынды. Байқауға қатысуға ниет білдірген басқа компаниялардан 13 ұсыныс келіп түсті. Қазіргі кезде 20 еңбектің барлығы елордалық қала құрылысы кеңесінің қарауына жіберілді. Алдағы уақытта Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтетін Астананы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте байқау қорытындысы шығарылады.
«Ұлттық пантеонды» құру мемлекеттің, ғылымның, мәдениеттің аса көрнекті қайраткерлерінің, сондай-ақ Қазақстанның дамуына үлес қосқан тұлғалардың есімін мәңгі есте қалдыруға бағытталған.