Қазақстанда мүгедектер күні жыл сайын қазан айының екінші жексенбісінде аталып өтіледі. Осыған орай Конгресс-холда Қазақ соқырлар қоғамының дәстүрлі мерекелік концерті өтті, деп хабарлайды «Астана ақшамы».
Әлем халқының 10 пайызын зағип жандар құрайды. Біздің елде 20 мыңнан аса көз жанарынан айырылған адам бар. Солардың ішінде 450 зағип – Астана қаласының тұрғыны.
Құрылғанына 75 жылдан асқан Қазақ соқырлар қоғамы республикалық бірлестігінің қалалық бөлімшесі ұйымдастырған жылдық қорытынды концерт мүмкіндігі шектеулі жандардың мерейін тасытты.
Сахна шымылдығы зағиптардан құралған хордың орындауындағы Төлеген Мұхамеджановтың «Астана кеші» әнімен ашылды. Қалалық Қазақ соқырлар қоғамының төрағасы Қуанышбек Тәтенов сөз алып, атқарылған істер жөнінде баяндама жасады.
Сонымен қатар, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ сынды үстел спорты түрлерінен өткен турнирлерде бірнеше зағип топ жарды. Д.Сүтбаева, Н.Ли, М.Тоқыбаева, Б.Дыбысбаева сынды спорт шеберлері – соқырлар қоғамының мақтанышы.
Республикалық «Разные-равные» фестивалінде А.Нұғманова жүлделі 2-орынды алды. Ал, қала көлемінде өткен осы конкурста «Мамандық үздігі» аталымымен 1-орынды Камалиден Оспанов, 2-орынды Жанар Әбілбекова алса, 3-орынды алған Низамутдиновтер «Тату отбасы» аталымымен марапатталды. Сондай-ақ, көрермен көзайымы болған Вероника Болгарская «Вокал» аталымын иеленді.
Концертте өнер көрсеткен барлық зағип қонақтардың ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Италияда оқып келген Саида Халықова Ахмет Жұбановтың «Қызыл қайың» композициясын фортепианода ойнап, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Қыркүйек айы бойы ұйымдастырылған «Ақ таяқ» фестивалінің қорытындысы осы кеште жарияланды. Фестиваль аясында өткен бағбандар, аспаздар, қолөнер шеберлері, солист-вокалистер, көркемсөз оқу шеберлері және ақындар конкурсының жеңімпаздары, жалпы айтқанда, он түрлі сайыста бірінші орынға 10 адам, екінші, үшінші орындарға 17 адамнан барлығы 44 адам марапатталды. Былтыр конкурстың барлық түріне бір адам қатысқан. Ал, биыл бір адам бір ғана сайыс түрінен бақ сынады.
Фото: astana-akshamy.kz